Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының өнеркәсіпті дамыту, терең өңдеуге баса назар аудара отырып, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық инфрақұрылым мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
«Saran» индустриялық аймағының кәсіпорындары, «Qarmet» АҚ өндіріс нысандары, оның ішінде металлургия комбинаты мен «Саран» шахтасына барды. Энергетика, коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларға назар аударылды.
Премьер-министр Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан «Saran» индустриялық аймағының дамуымен танысты. «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС мырышталған металл бұйымдарын өндіретін жаңа кәсіпорынның ашылуын мысалға ала отырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар тексерілді. Ыстық мырыштау немесе металл бұйымдарын тот басудан қорғау құрылыста, машина жасау мен ауыл шаруашылығында және экономиканың басқа салаларында кеңінен қолданылады. Еліміздің өнеркәсібіндегі оң динамиканы ескере отырып, мырышталған металл бұйымдарына сұраныс жыл сайын артып келеді. Қуаты жылына 50 мың тонна өнім шығаруға жететін кәсіпорынды іске қосу отандық металл конструкцияларын өндірушілер қажеттілігінің 80%-ын өтеуге мүмкіндік береді. Жобаға 6,2 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 80%-ы – «Бәйтерек» холдингінің тетіктері арқылы ұсынылатын қарыз қаражаты. Зауыт мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігінің нәтижесінде іске қосылды. 115 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ірі өндіріс ошағы төңірегінде шағын және орта бизнес белдеуін дамытуға қосымша серпін берілмек.
Премьер-министр Саран қаласындағы шиналар шығаратын «Tengri Tyres» ЖШС зауытында болды. Кәсіпорын импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған. Толық циклді зауытта халықаралық стандарттарға сай технологиялық барлық процесс іске қосылды. Биылғы қаңтар-наурыз айларында Attar брендімен жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын 135,4 жеңіл және жүк көліктері дөңгелектері және қысқы шиналар шығарылды. Ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, жеңіл көлік шиналары экспорты жүзеге асырылады. «Tengri Tyres» ЖШС директоры Александр Уставщиков жыл соңына дейін құны 29,3 млрд теңге болатын 1,2 млн шина шығару жоспары туралы айтты. Қазіргі таңда зауытта 850 адам жұмыс істейді. Толық жобалық қуатына шығу жалпы 1 125 тұрақты жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.
Премьер-министр жеткізілімдер көлемін одан әрі арттырудың және сату нарығын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Silk Road Electronics» ЖШС тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорнын аралау барысында өндірісті локалицазиялауды арттыру жоспарларына назар аударылды. Бұл көрсеткіш бүгінде 50%-дан асады. Әрі қарай өсу үшін жабдықты жаңғыртуға қомақты инвестиция салынды. Шығарылатын өнімдер – теледидар, су жылытқыш, шағын пеш, сорғы, шаңсорғыш, кір жуатын машина, ас үй плитасы және басқа да техникалар елімізде және көршілес елдерге сатылады.
Премьер-министр «Саран» шахтасында жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. 520 метр тереңдіктегі шахтаға түсу барысында ұңғыма учаскелер қаралды. «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов нақты уақыт режімінде жерасты қазбаларындағы қызметкерлердің орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін персоналды позициялау жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкес енгізу туралы хабардар етті. Бұл қауіпсіздікті бақылауды күшейтеді және төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жұмыс орындарындағы шахтерлермен бейнебайланыстың техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. Жаңғырту бағдарламасы сонымен қатар ұңғыма жабдықтарын жаңартуды, желдету жүйелерін жақсартуды, өрттен қорғауды күшейтуді және жерасты жұмыстарының цифрлық инфрақұрылымын кеңейтуді қамтиды.
Кеншілермен әңгімелесу барысында өндірісті цифрландыруға бейімдеу мәселелері талқыланды. Олжас Бектенов жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басқа шахталарда осындай қондырғыларды жеделдету қажеттігін атап өтті. Qarmet көмір кәсіпорындарын жаңғыртуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 500 млн долларды құрайды. Озық жүйелерді енгізу бойынша ауқымды жұмыстармен басқа да шахталар қамтылатын болады.
Премьер-министр Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатында болды. Биылғы бес айда кәсіпорын қатты болат өндірісін 13%-ға – 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтты.
Премьер-министрге қуаттылығы жылына 4 млн тоннаға дейін сұйық болат конвертер цехының алаңында Президенттің тапсырмасына сәйкес өндірістік қуаттарды табиғи газға қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндалды. Өткен жылы №1 және №2 конвертерлерге күрделі жөндеу жүргізіліп, корпустар толық ауыстырылды, анағұрлым заманауи әрі орнықты конструкциялар орнатылды. Бұл болат балқыту көлемін ұлғайтуға және цехтың өндірістік тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Мұнда Олжас Бектенов №8 және №9 кокс батареяларының құрылысымен танысты. Қуаттылығы жылына 1,5 млн құрғақ кокс болатын инвестициялық жоба Премьер-министрдің 2024 жылғы 5 қарашада Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде қытайлық ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Co., Ltd компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. 2027 жылға жоспарланған өндірістің негізгі параметрлері таныстырылды.
Премьер-министр Теміртау қаласындағы жылу желілерін реконструкциялау учаскесін қарап шықты. Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Сондай-ақ Нұра ауданында орналасқан «Рамадан сүт фермасы» ЖШС-ға барған Олжас Бектенов өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен танысты.