Израиль Иранға қарсы соққыларды күшейтпек

Жобалар

Мұндай бұйрықты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Тегеранның таңғы ракеталық шабуылынан кейін берді.

Әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесінде Нетаньяху Иранның Тель-Авив пен оның маңайындағы бірнеше нысанға бағытталған қарымта шабуылына қатысты пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Биньямин Нетаньяху Иран басшылығына сес көрсетіп, "Хаменеи бұл әрекеттері үшін жауап береді" деп мәлімдеді. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац та әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасап, Иранды сынға алды.

Кац таңертеңгі Иран шабуылын "соғыс қылмысы" деп атап, Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи орын алған оқиға үшін жауапкершілікке тартылады деді. Ол Нетаньяхумен бірге армияға Иранға қарсы әскери операцияларды күшейту туралы бұйрық бергенін жеткізді. Ал, Иран тарапы Израильге жауап ретінде ракеталық соққы жасады.

Хабарламаларға сәйкес, зымырандар Тель-Авив, Рамат-Ган, Холон қалаларындағы және оңтүстіктегі Беэр-Шева (Бірюссеби) қаласындағы бірнеше нысанды қиратқан. Ирандық зымырандардың бірі Беэр-Шевадағы "Сорока" ауруханасына тигені де айтылып жатыр.

13 маусымда Израиль Иранның ядролық нысандарына және елдің әскери басшылығы орналасқан аймақтарға жаппай әуе соққысын бастады. Аталған шабуылдардың салдарынан Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы, Ислам революциясы сақшылар корпусының бас қолбасшысы, бірқатар жоғары лауазымды әскери тұлғалар және ядролық зерттеулермен айналысқан тоғыз маман қаза тапты.

Жалпы, 13 маусымнан бері Иранда кемінде 585 адам қаза тауып, 1300-ден астам адам жараланған. Жауап ретінде Иран баллистикалық зымырандармен Израиль аумағына соққы жасады. Ресми мәлімет бойынша, бұл шабуылдан 24 адам қаза тауып, 500-ден астам адам жараланған.