«Орталық Азия - Қытай» саммиті

Жобалар

Қазақстан Қытаймен ядролық энергетика саласында әріптестікті дамытады. Сонымен қатар екі ел бірлесіп Каспий теңізінде сауда терминалын салуы мүмкін. Бірнеше сағат бұрын аяқталған « Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныстар айтты. Ал Қытай төрағасы әлемдегі сауда соғысына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Сонымен бестік елдері мен Азия алыбы қандай келісімге келді? Маңызды жиында Президенттер қандай мәселе көтерді? Тікелей байланысқа шыққан әріптесім Шерхан Жамбылұлынан білсек. Шерхан жиында нендей ұсыныстар айтылды?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Маңызды мәлімдемелер көп. Жиын әлемдегі ахуал теңіздей тербеліп тұрған сәтте өтіп жатыр. Тәуелсіздік сарайы бүгін кезекті мәрте мәртебелі қонақтарды күтті. Алаң иесі ретінде саммит алдында Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін өзі қарсы алып, ел басшылары естелікке ортақ суретке түсті. Жиында сөз бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыс мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін айтты.

Орталық Азия елдері де Қытаймен қарым-қатынасты күшейтуге бейілді. Шығыстағы көршіміз қазір жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Қытайдың жалпы ішкі өнімі Азияның басқа елдерінің экономикасын бәрін қосса да асып түседі. Әлем фабрикасы атанған бұл мемлекет қазір нөмірі бірінші экспорттаушы ел. Жалпы жер шарындағы әрбір үйде «Мade in China» өнімі бар. Сонымен қатар әлемдегі ең ірі инвестор. Былтыр 151 елге 162 млрд доллар ақша құйған. Орталық Азия елдері де осының игілігіне дәмелі. Оның үстіне 1,4 млрд халқы бар Қытай – алып нарық. Бұл әсіресе азық-түлік өндірушілеріне үлкен мүмкіндік.

Осы ретте Қазақстан Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосып, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән бермек. Әсіресе жоғары технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді.

Мемлекет басшысы Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналғанын айтты. Былтыр Қытайдан аймақ елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Оның 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынды. Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпин жаһандағы тарифтік текетірестер туралы пікір білдірді. Әлемде джунгли заңы үстемдік етпеуі керек. Осылай деген төраға Си халықарылық құқық пен тәртіп басты орында болуы керек деп санайды.

Айтпақшы, Қазақстан Қытаймен ядролық энергетика саласында әріптестікті дамытпақ. Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек Қазақстан Қытаймен жасанды интеллект, биотехнология, кванттық есептеу салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі. Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеуді де ұсынды. Ал саммит қорытындысы бойынша Президенттер Астана декларациясына қол қойды.

Шерхан Жамбылұлы