Қазақстанда көмір химия зауыты салынады

Жобалар

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қытайдың Shandong Energy Group Co. компаниясының басқарма төрағасы Ли Вэймен кездесу өткізді. Басқосуда энергетика саласындағы стратегиялық әріптестік мәселелері, соның ішінде Қазақстанда көмір химия зауытын салу жөніндегі бірлескен жоба кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу аясында QazaqGaz ұлттық компаниясы мен Shandong Energy Group Co. арасында Қарағанды облысында көмірден газ өндіретін жаңа өндіріс орнын салу жоспарлары назарға алынған. Жобаның жылдық қуаттылығы 2 миллиард текше метр газ. Сонымен қатар, жобаның іске асуы 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі Қытай Халық Республикасымен жан-жақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде көмір химиясы саласында өзара тиімді жобаларды іске асыруға үлкен мән беретінін атап өтті.

Өз кезегінде, Shandong Energy Group басқарма төрағасы Ли Вэй Қазақстанмен әріптестікті нығайтуға және өнеркәсіптік жобаларға инвестиция салуға қызығушылық танытты. Ол Қазақстан нарығындағы көмір химиясы саласының болашағын жоғары бағалайтынын жеткізді.

Кездесу соңында тараптар өзара тиімді келіссөздерді жалғастырып, жобаны табысты іске асыру үшін бірлескен іс-қимыл мен ашық диалогқа дайын екендіктерін мәлімдеді.