Абай облысында жауапкершілігі жоғары жүргізушілер марапатталды

Жобалар

Абай облыстық Полиция департаменті кейінгі 10 жылда ереже бұзбаған жүргізушілерді анықтап, алғысхат пен естелік сыйлық табыстады, деп хабарлайды 24KZ. Жауапкершілігі жоғары жүргізушілерді «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің көмегімен тапты.

Биыл өңірде жол апаты азайған. Бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда зардап шеккендер саны да төмен. Былтыр осы кезеңде жол апатынан 22 адам көз жұмса, биыл 12 адам мерт болған. «Бұл жолдағы тәртіп пен бақылаудың күшейгенін білдіреді», – дейді жауаптылар. Жыл басынан бері жол ережесін бұзудың 82 мың дерегі тіркелді. Қазір өңірде «Қауіпсіз жол» акциясы жүріп жатыр.

Нұрболат Әбекбаев, қала тұрғыны:

- Құқықбұзушылықтар болған жоқ. Мына бүгін марапаттап жатқандарына рақметімді айтамын. Басқаларға да айтамын: көлікте ереже бұзбауға тырысу керек. Әркімнің өмірі өз қолында.

Айдана Қозыбаева, облыстық ПД Ақпараттық саясат басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Бұл шараның негізгі мақсаты – заң мен тәртіпті орнату. Осындай шаралар жүргізушілерге мотивация береді. Яғни жол қозғалысын бұзбауға деген мотивация.