13 маусымда дзюдодан әлем чемпионаты басталады

Жобалар

Ертең Мажарстанда дзюдодан әлем чемпионаты басталады .

Чемпионатқа 93 елден барлығы 550-ден астам татами шебері қатысып, өзара мықтыларды анықтайды. Бұл сында ел намысын 12 спортшы қорғайды. Кімдерден жүлде күтеміз? Сарапшылар не дейді?

Будапештте дзюдодан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Жарыстың алғашқы күні 2 салмақ дәрежесі бойынша 4 спортшымыз сынға түседі. Ерлерден 60 келіде Шерзод Давлатов пен Мағжан Шамшадин және әйелдерден 48 келіде Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тыныбаева татамиге шығады.

Жандос Қонысбаев, сарапшы:

- Мағжан Шамшадиннен жүлде күтемін. 40 келіде атой салатын кезі келді. Былтыр олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігінен айырылды. Бірақ міне ересектерге пісіп жеткілген кезі. Әбиба енді олимпиададан құр қол қайтты. Оған дейінгі медальдің бәрін алды. Енді әлем чемпионатының финалына шықса нағыз мүмкіндік. Үміттенемін, сенемін. Әбиба сенімді ақтайтын қыздардың бірі ғой.

Ел намысын бас аяғы 9 салмақ бойынша 12 спортшы қорғайды. Оның 10-ы тәжірибелі дзюдошылар. Арасында 66 келіде белдесетін Париж олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та бар. Сондай-ақ ұлттық құрамаға соңынан қосылған Мейірлан Максим мен Марат Байқамұровқа да үлкен сенім артылып отыр.

Жандос Қонысбаев, сарапшы:

- Мейірлан Максим өзін жақсы қырынан көрсетсе болады. Өйткені бабында. Жастардың ішіндегі жаңа бір серпіліс берген толқынның бірі. Және Марат Байкамуров та үздіктер қатарынан, үздік төрттікке дейін шықса ол өте жақсы көрсеткіш. Қыздардан 3 қызымыз күреседі 2 салмақта. Енді бұл жерде жақсы-жаман деп баға бере алмаймыз. Себебі рейтингте жүздікке кірген спортшылар ғана әлем чемпионатына қатысу құқығын алады.

1 аптаға созылатын әлем біріншілігіне 100-ге жуық елден 550-ден астам спортшы қатысады. Олардың арасында 20 олимпиада және 28 әлем чемпионы бар.

Роберт Мшвидобадзе, дзюдодан ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі:

- Бұл дзюдо. Ешкім спортшылардың қалай күресетінін дөп басып айта алмайды. Барлығын кілем көрсетеді. Ең бастысы, біздің жігіттер мен қыздар бабында. Осыған дейін елде және Испаниядағы халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, қызу дайындалдық. Біздің құрамаға жанкүйер болыңыздар.

Айта кетейік, әлем біріншілігі ертеңнен бастап, 19 маусымға дейін жалғасады.

Мерей Қанапия, Нұрғали Мамырбаев