"Бұрын өсімді тек мұнайдан күтетін едік": Қазақстан экономикасы қарқынды өсім көрсетуде

Жобалар

Үкімет тұрақты даму бойынша президент тапсырмаларын орындауды басты назарда ұстап отыр.

Қазақстан қарқынды экономикалық өсуді көрсетуде. 2025 жылғы қаңтар–мамыр аралығында елдің ЖІӨ-і 6%-ға ұлғайды, деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі. Мұндай нәтижені бұрын тек мұнайдан ғана күтетін едік. Қай салалар басымдылықта? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Биылғы қаңтардан мамырға дейінгі кезеңде ішкі жалпы өнім көрсеткіші былтырғы дәл осы уақпен салыстырғанда аттай 6% өскен.

Министрліктің биылғы таратқан ақпаратында ел экономикасының күретамыры саналатын мұнай саласы аталмады. Есесіне құрылыс, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп өндірісі, сауда, көлік секілді салалар алға шығып өсім көрсетіпті.

Өнеркәсіп өндірісінде Жамбыл облысы алға шығыпты. 22,9% өсім көрсеткен. Облыстағы түрлі тыңайтқыштар өндіру, портландцемент, қант өндірісінің шапшаң дамуы әсерінен тіркелсе керек бұл көрсеткіш.

Ауылшаруашылығы саласындағы өсім 4%. Ең жоғары көрсеткіш Атырау облысында тіркелген, 10% астам, содан кейін Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының көрсеткіштерінде де өсу бар.

Көлік саласы 23,1% өсім көрсетіпті. Бұл енді темір жол және құбыр арқылы тасымалдаудың өскеніне дәлел.

Құрылыс саласындағы өсім — 15,4%. Еліміздің 18 өңірінде құрылыс саласы оң нәтиже көрсетіпті.

100% дан астам өсіммен шыққан Маңғыстау облысы. Мектеп, жол, кәріз ауыстыру секілді күнделікті жұмыстардан бөлек, бұл облыста бірнеше үлкен құрылыстар жүріп жатыр. Кендірлідегі су тұшыту зауыты, Ақтау портындағы контейнер хабы секілді айлапат нысандар салынып жатыр.

Екінші орында Нәлібаев басқаратын Қызылорда облысы. 51 миллиард теңгенің жұмысы жасалыпты соңғы бес айда. Өсім — 65%

Астана мен Түркістан да түсінікті. Қызығы тізімде Қостанай облысы да жүр. Яғни, айтарлықтай өсім тіркелген облыстар қатарында Қостанай да бар.