Еліміздің интернет-трафигі неге Ресейге тәуелді

Жобалар

Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдері жаһандық интернетке қосылу мәселелерінде әлі де Ресейге қатты тәуелді. Бұл туралы Internet Society халықаралық ұйымының жаңа есебінде айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан – интернет-контентті оқшаулау бойынша өңірдегі көшбасшылардың бірі. Алайда қазақстандық сайттардың басым бөлігі әлі де ресейлік серверлерде орналастырылады. Одан кейін Еуропа мен АҚШ тұр. Интернеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан тек өзі үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін де цифрлық тәуелсіздікті жеделдетуі қажет.

Digital Business сайтының жазуынша, еліміздің халықаралық интернет-трафигінің 95%-ы Ресей арқылы өтеді. Бұл әсіресе өсіп келе жатқан күрделі геосаяси жағдайда аймақтың барлық цифрлық инфрақұрылымын осал етуі мүмкін.

«Егер қандай да бір себептермен Ресей байланысты шектеуге немесе өшіруге шешім қабылдаса, Қазақстан мен оның көршілерінің толыққанды интернетсіз қалу қаупі бар. Сол сияқты Қытай, Иран немесе Ауғанстан арқылы келетін баламалы байланыс жолдары да қауіпсіз емес немесе оны цензурасы жоғары мемлекеттер бақылайды», деп ескертеді мамандар.

Халықаралық есепте цифрлық тәуелсіздікті арттыру жолдары ұсынылған. Атап айтқанда, шалғай аудандар үшін төмен орбитада спутниктік байланысты дамыту, Каспий теңізі арқылы суасты кабельдерін төсеу мен делдалдарсыз Еуропаға шығу, мазмұн мен қызметтер ел ішінде жұмыс істеуі үшін жергілікті деректер орталықтары мен интернет-провайдерлерді қолдау, сыртқы трафикке тәуелділікті азайту үшін ашық интернет-биржалар құру жөнінде кеңес берілген.