Қостанай облысында 20 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады

Жобалар

Биыл Қостанай облысында 20 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады, деп хабарлайды 24KZ. Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту мақсатында 45 жоба жүзеге асады .

Жалпы облыс тұрғындарының 90%-тен астамы таза ауызсу тұтынып отыр. Бұған дейін Мемлекет басшысы барлық елді мекенді сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген еді.

Сарыкөл ауданындағы Барвинов ауылына жаңа құбыр желісін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұрынғысы әбден тозған, әр жері жиі сыр береді.

Сая Төкенова, Барвинов ауылының тұрғыны:

- Дауыл болғанда, қар түскенде, әйдік борандарда тоқтап қалады. Колонкалар тұрды. Колонкадан алдық. Колонкалар кеткеннен кейін артынан водовозбен жеткізді. Тасымал суды алдық. Флягамен алып аламыз. Күніне бір реттей жүреді.

Бұл ауылда құбыр ауыстыру жұмыстары былтыр басталды. Осы күнге дейін 28 шақырымға жуық су желісінің жартысы жаңартылды. Жұмысты биыл аяқтауды жоспарлап отыр.

Валерий Халиков, мердігер компанияның өкілі:

- Былтыр екі резервуар салынды. Биыл су сорғыш станциясын орнатып, әр 150 метр сайын өрт сөндіру гидранттары қойылады. Осының бәрін қар түскенше бітірсек деп отырмыз.

Сарыкөл ауданында ауызсумен қамтамасыз ету бойынша үш жыл мерзімге екі жоба жасалды. «Нұрлы жер» бағдарламасымен Барвинов пен Комсомол ауылына орталықтандырылған су желісі тартылып жатыр. Екі елді мекенде шамамен 3 мыңға жуық халық тұрады.

Александр Саенко, Сарыкөл аудандық ТҮКШ, сәулет және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бастапқыда бұл жобалар екі жылға есептелген еді. Кейін қаржыландыру шектеліп, үш жылға ұзартылды. Яғни биыл үлгірмесе, келер жылы осы ауылдар толық орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.

«Жалпы Сарыкөл ауданында барлық елді мекен таза ауызсумен қамтылған», – дейді аудан әкімі Марат Шымырбеков.

Марат Шымырбеков, Сарыкөл ауданының әкімі:

- Бізде 23 ауыл орналасқан. 23 ауылды орталықтандырылған сумен қамтасыз ету жағын айтар болсақ, 96,6% құрайды. Бұл жерде шағын 5 ауылымыз бар. Сол бес ауылда су тарату жүйесі орнатылған.

Облыс бойынша ауыл тұрғындарының 91% сапалы ауызсу тұтынып отыр. Барлығын толық қамту үшін арнайы мемлекеттік қордан қосымша 9 миллиард тенгеден астам қаржы сұратылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өтінім хат жіберілген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров