Жаз маусымында елордадағы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 5200-ден астам белсендісі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қаланы абаттандыруға үлес қосады, деп хабарлайды 24kz.
14 пен 35 жас аралығындағы жастар қазір қызу еңбекке кіріскен. Бұл жолы «Байқоңыр» ауданына барып, көшелерді қоқыстан тазартты.
Кесте бойынша бүгін – «Таза сәрсенбі». Демек, «Жасыл ел» жастары әдеттегідей белсенді. Бұл балалар оқушы жасына қарамастан, ересек адамға үлгі бола алады. Темекі тұқылын, ішімдік бөтелкесін көше бойына тастай салатындар бар. 100-ден аса жас өрен таңертеңнен бері «Байқоңыр» ауданын осындай қоқыстан тазартуға кіріскен. Жасаған жұмыстарына көңілдері толады.
Нұрперзент Нұрдәулетұлы, №65 мектеп-гимназия оқушысы:
- Биыл бірінші рет қатысып жатырмын. Қазір ұнап тұр. Тазалықты біз сақтамасақ, кім сақтайды? Өзіміздің жерімізді таза ұстайық.
Әдемі Жайнақ, №112 жайлы мектеп оқушысы:
- «Жасыл елде» жұмыс істеп жүргеніме 1 аптадай болып қалды. Осы жерде мен достықты түсіндім. Тазалыққа қарау керек, гүлдерді суарып, арам шөптерін жұлып, оларға қамқорлық көрсетеміз.
Экологиялық акция жаз бойы жалғасады. «Жасыл ел» жастары қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосып қана қоймай, адал еңбегінің ақысын алып та бір қуанады.
Ерлан Айдар, Астана қаласы әкімдігі Жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы:
- Осы жұмыспен қамтылған балалар мамыр айынан бастап тамыз айына дейінгі жұмыстарды жүргізіп отыр. Бұндай шараларға атсалысуымыздың бірден бір себебі – ол қаламызды таза ұстау, балалардың ойында өзінің айналасын таза ұстау сана-сезімін қалыптастыру. Сонымен қатар балаларды еңбекке баулу болып табылады.
Биыл «Жасыл ел» жасағының кезекті 21-ші еңбек маусымы. Онда 5 мыңнан астам жас қала аудандарымен қата, елорда айналасындағы «Жасыл белдеуді», әлеуметтік нысандарды, мектептер мен саябақтарды көгалдандыру жұмыстарына атсалысады.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Ырыстанбек Оспанов