«Асыл бесік – Ақсуат»

Жобалар

«Асыл бесік – Ақсуат» республикалық спорт және өнер фестивалі — қазақ халқының ұлттық рухын жаңғыртып, дәстүр мен мәдениеттің ұйытқысына айналған айтулы шара. 2025 жылдың 6 — 8 маусымы аралығында Абай облысы, Ақсуат ауылында өткен бұл фестиваль тек мереке емес, ұлт тарихы мен өнерін ұлықтаған, ұрпаққа ұлағат, елге елдік сезім мен рухани күш беретін ерекше оқиға болды.

Фестивальдің үш күндік бағдарламасы әулие Ырғызбай баба рухына арнайы ас беріліп, ұлттық спорт түрлері мен өнердің үздік үлгілеріне дейінгі ауқымды іс-шаралармен қамтылды. «Асыл бесік – Ақсуат» — елдің асыл мұраларын сақтаумен қатар, қазіргі заманның рухани жаңғыруының көрінісі ретінде жастарды ұлттық құндылықтарға тарту, салт-дәстүр мен спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Бұл шарада ұлттық күрестен «ASSYL ARLAN» турнирі, қазақтың мыңжылдық дәстүрі — ат бәйгелері, өнер кештері мен ғылыми-танымдық кездесулер өткендіктен, Ақсуат ауылы рухани және мәдени өмірдің ордасына айналды. Осы фестиваль аясында өткен театрландырылған өнер қойылымдары мен спорттық жарыстар еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар мен көрермендерді бірлік пен ынтымаққа жетеледі.

«Асыл бесік – Ақсуат» — бұл Қазақстанның бай рухани мұрасына құрмет пен болашақ ұрпаққа деген сенімнің айғағы. Бұл ұлттық мәдениеттің, спорттық дәстүрлердің және ғылыми ізденістердің бір арнаға тоғысқан көркем үлгісі болып, Ақсуат төрін еліміздің рухани бесігі айналғанын тағы бір мәрте айқындады.

Облыс әкімі Берік Уәлидің құттықтау сөзі:

«Бұл – тек мерекелік жиын ғана емес, ел бірлігін, туған ауылға жанашырлықтың биік үлгісін көрсетіп, ұлттық рухты ұлықтайтын ерекше оқиға. Абай елінде Атымтай жомарттық пен туған жерге қызмет ету – қашанда асыл мұрат болып келген. Бүгінгі таңда осы дәстүрдің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың бірі – ел перзенті, белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры Дулат Тастекеев екенін атап өткім келеді. Осы азаматтың елге, жерге деген сүйіспеншілігі – сөзден ғана емес, нақты іс арқылы көрініс тауып келеді. Бұл – нағыз туған жерге сүйіспеншілік пен ұлтын сүйген азаматтың үлгісі деп айтуымыз керек. Ауыл – ұлттың алтын діңгегі. Туған жерге қызмет ету – әрбір азаматтың парызы. Елдік пен бірліктің, игілік пен ізгіліктің бастауы – туған топыраққа деген адал ниет пен нақты әрекетте. Осы ретте біз өңіріміздің әрбір азаматын Абай облысын, оның ішінде шалғай ауылдарды дамытуға белсенді атсалысуға, инвестиция салып, өркендеуге үлес қосуға шақырамыз. Сол мақсатта табысты кәсіпкерлер мен ел азаматтарына арнайы бейнеүндеу жасап, маусымның 19 — 20 күндеріне жоспарланып отырған «Туған жерге туыңды тік» атты ивестициялық форумға қатысуға шақырдым».

Аталмыш Фестивальдің алғашқы күні — «Тағзым мен тағылым» күні, ұлттық сана мен салт-дәстүрдің алтын көпірін тағы бір мәрте бекітіп, әулие Ырығызбай ата кесенесіне бас иіп, ата-баба рухына құрмет көрсету рәсімінен басталды. Бұл қасиетті сәт қазақ халқының өткені мен болашағын сабақтастыратын мәңгілік ұстанымы ретінде есте қалды. Осы күні ұйымдастырылған театрландырылған қойылымдар мен халықтық өнер ұлттың терең түп тамырлары мен туған жерге деген сағынышын көркем тілде жеткізіп, қатысушылардың жүрегін тербетті.

Фестиваль шымылдығы Ақсуат мәдениет үйінде өткен «Асыл тас» театрының «Мені тауып алшы» атты сахналық қойылымымен ашылды.

«Ырғызбай ата» кесене басындағы Ас

6 — маусым 2025 жылы Ақсуат ауданында үш күнге созылатын Республикалық

“Асыл бесік — Ақсуат” атты спорт және өнер фестивалі Ырғызбай әулие кесенесінде бастау алды.

Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары Тастекеевтер әулеті болды.

Республикалық шараға Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы келіп қатысты.

Фестивальге қатысушылар, еліміздің әр түкпірінен келген қонақтар және аудан тұрғындары Ырғызбай әулиеге арнап берілген Асқа, түсірілген қатымға қатысып қол жайды.

Екінші күні – «Ұлт рухының айшықты көрінісі» ретінде ұлттық күрес турнирлері мен мәдени шараларға толы болды. «ASSYL ARLAN» атты күрес додасы боз кілемді аламанға айналдырып, халықтың батырлық дәстүрін қайта жаңғыртты. Аудан басшылары мен зиялы қауым өкілдерінің салтанатты құттықтауы – бұл шараның тек спорттық бәсекеден әлдеқайда терең әрі маңызды рухани шара екенін тағы да бір дәлелдеді. Жастарға арналған жаңа мәдени алаң – «ADAL HALL» жастардың адалдық пен әділдік ұстанымдарын, патриоттық рухын нығайтып, келешекке сеніммен қарауын қамтамасыз ететін рухани ордаға айналды.

«ASSYL ARLAN» турнирі: бозкілемде батырлар белдесті.

Фестивальдің ең тартысты сәттерінің бірі – ұлттық күрес түрінен өткен «ASSYL ARLAN» республикалық турнирі болды.

74 келіге дейінгі салмақта 24 балуан «Өгіз балуан» атағы үшін белдессе,

+74 келіден жоғары салмақта 18 балуан «Түйе балуан» атағын сарапқа салды.

Жүлдегерлер:

74 келіге дейінгі салмақта:

1-орын – Нұрдәулет Бақтыбай (Шымкент қаласы) – Автокөлік

2-орын – Ерзат Арғынов (Абай облысы) – 2 000 000 теңге

3-орын – Дидар Тұқышев (Абай облысы) – 1 000 000 теңге

3-орын – Бекзат Шакезаев (Қызылорда облысы) – 1 000 000 теңге

+74 келіден жоғары салмақта:

1-орын – Әділ Оразбаев (Абай облысы) – Автокөлік

2-орын – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы) – 4 000 000 теңге

3-орын – Мақсат Исақабылов (Қызылорда облысы) – 2 000 000 теңге

3-орын – Саят Шамшиев (Абай облысы) – 2 000 000 теңге

Үшінші күні – дәстүр мен ғылымның үндескен күнінде, қазақ халқының мыңжылдық салты – ат бәйгесі жаңғырып, дала төсін дүбірге бөлеп, жүйрік тұлпарлар мен шебер шабандоздардың шеберлігін паш етті. Бұл жарыстар халқымыздың ерлік пен батырлық қасиеттерін, табиғатпен үйлесімін көрсететін ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі екені тағы да дәлелденді.

Ат бәйгесі – ұлт дәстүрінің дүбірі

Фестиваль аясында өткен құнан жарыс, топ бәйге, аламан бәйге сайыстары да көрерменнің ықыласына бөленді.

Дүбірлі додада еліміздің әр аймағынан келген сәйгүліктер өзара аламан бәсекеге түсті.

Құнан жарыс бойынша орындар:

1-орын: «Көзайым» – Жамбыл ауданы, Алматы облысы

2-орын: «Тайсон» – Алматы облысы

3-орын: «Бұйрық» – Қалбатау, Жарма ауданы

4-орын: «Байтұмар» – Жамбыл облысы

5-орын: «Көгершін» – Қарабұта, Мақаншы ауданы

Топ бәйге бойынша орындар:

1-орын: «Қалқаман» – Көктүбек, Ақсуат ауданы

2-орын: «Ұлытау» – Алматы облысы

3-орын: «Альварес» – Алматы облысы

4-орын: «Көктөбе» – Үржар ауданы

5-орын: «Күреңқыз» – Жетісу облысы

Аламан бәйге бойынша орындар:

1-орын: «Бақторы» – Жамбыл облысы

2-орын: «Тайван» – Жамбыл облысы

3-орын: «Ұлар» – Үшарал, Алакөл ауданы

4-орын: «Нұрсәт» – Жамбыл ауданы, Алматы облысы

5-орын: «Салпан құлақ» – Абай ауданы

Сонымен қатар, фестиваль аясында ұйымдастырылған «Қаныштың ғылыми майданы» республикалық ғылыми-танымдық отырысы — ұлттық ғылымның өркендеуіне, жас ғалымдар мен зерттеушілердің шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған тың бастама болды. Белгілі ел жанашыры, ағартушы әрі тарихшы Санжар Керімбаевпен өткен рухани кездесу жастарға ел тағдыры мен тарихын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Ғылым мен рухтың үндестігі

Фестиваль аясында өткен «Қаныштың ғылыми майданы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-танымдық басқосу – ұлттық ғылымның болашағы мен жас зерттеушілердің көкжиегін кеңейткен салиқалы алаңға айналды.

Белгілі ағартушы, тарихшы Санжар Керімбаевпен өткен ашық сұхбат жастарды рухани серпіліске жетеледі.

Соныменде, Екпін ауылы Мәдениет үйінде бозкілем шеберлерімен фотоға түсу рәсімі, қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болу шарасы ұйымдастырылды.

Абай әлемі – ұлттың рухани темірқазығы

Фестиваль шымылдығын жапқан «Абай әлемі» көркем әдеби қойылымы ұлы ойшылдың мұрасын сахна тілімен сөйлетті. Гала-концерт пен мерекелік отшашу – ел жүрегінде жарқын әсер қалдырды. Онда: елге танылған өнер майталмандары, эстрада әншілері Майра Ілиясова, Ұлықпан Жолдасов, Мөлдір Әуелбекова, Қуандық Рахым, Альбина Шардарова, Апош Сарбаз, Жандос Қаржаубай, RAIM-дар қалың жұртшылыққа өнер көрсетіп, тавмаша көңіл-күй сыйлады.

Фестивальдің қорытынды күнінде сахна төрінде «Абай әлемі» атты көркем-әдеби қойылым қойылып, ұлы Абай Құнанбаевтың даналығы мен рухани мұрасы көрерменге кеңінен насихатталды. Бұл шара қазақтың ұлы ақыны мен ойшылының ой-пікірлері арқылы ұлттың мәдени және рухани бірлігін айқын көрсетті. Гала-концерт пен кешкі отшашу фестивальдің мерекелік көңіл-күйін толықтырып, Ақсуат ауылының аспанын нағыз ұлттық рух пен өнерге толтырды.

«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі – бұл тек спорттық және мәдени шара ғана емес, ол – халқымыздың бірлігі мен болашағына деген сенімнің, рухани жаңғырудың, ұлттық дәстүр мен өнердің ұлы мерекесі. Мұндай игі бастамалар қазақ елінің мәңгілік құндылықтарын жаңғыртып, жас ұрпаққа туған жердің қадірін сезіндіре отырып, болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашады.

Абай облысының әкімі Берік Уәли: – Әр мереке соңында өтетін гала-концерт – думанды күннің шарықтау шегі. Қос қолын көтеріп күлімдеген ақ жаулықты аналар, көздері бал-бұл жанған балалар мен жігері тасып тұрған жастардың бәрі де бір алаңда бас қосып, шынайы шаттық пен қуанышқа бөленеді. Ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық рухтың қабысуы деп осыны айтуға болатын шығар.».

«TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы, «Assyltas» ҚҚ төрағасы Дулат Тұрсынұлы Тастекеев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Тастекеев Қайрат Құлбайұлы сияқты ел азаматтары осы фестиваль төңірегінде, ауыл және жастар жайында да бір ауыз сөз сөйледі.

Қоғамдық қор атынан ауылға еңбегі еленген бірді-екілі ел азаматтарына құрмет танытылып, марапат ұсынылып, көпбалалы аналарға медальдар тасбысталды. Және де «АLIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITETY» проректоры Базенов Айрат Базенұлы арнайы 2 оқу грантын ауыл оқушыларына табыс етті.

«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі – бұл ел рухын көтеретін, ұрпаққа ұлағат болатын тағылымды мереке. Бұл – салт пен сана, өнер мен өнегенің ортақ мүддеде тоғысқан ұлы алаңы. Ақсуат – енді тек ауыл емес, ұлттық рухтың жарқыраған мекені.

Айта кетейік, сондай-ақ Берік Құрманғалиұлы «Облыс әкімі ретінде жұмысқа кіріскелі бері Ақсуат ауданына екінші рет келіп отырмын. Алғаш келгенде өзекті мәселелермен танысып, ауданның қажеттіліктерін жазып алып, сессияның қарауына енгізген болатынмын. Соның нәтижесінде биыл Ақсуат ауылына кіре беріс екі жолақты жол төрт жолаққа кеңейтілді. Көкжыра ауылында мәдениет үйі бой көтереді. Ақсуат ауылындағы орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ауданда 48 отбасы жаңа пәтерге ие болады. Екпін, Ойшілік ауылдарында спорттық сауықтыру кешені салынады. Тебіске өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл – биылғы облыста атқарылатын жұмыстардың бір бөлігі ғана. Осы жолы сіздерге сүйіншілі екі жаңалықпен келіп отырмын. Ақсуаттағы құрылысы басталып, тоқтап қалған мектепті өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол мектепті біз облыстық бюджет есебінен аяқтауды қолға алайық деп отырмыз. Облысымызда қазіргі таңда үш апатты мектеп бар. Соның бірі Екпін ауылындағы апатты мектептің құрылысын да биыл бастаймыз деп шештік. Сіздерді осы жаңалықпен құттықтағым келеді» — деді.

Аталған фестивальге арнайы шақыртумен қатысқан, «Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Смағұлов Қайрат Қанатұлы да қоғамдық рухани — мәдени маңызы бар алаңдарға белсене араласып, ауыл жұртшылығымен кездесіп, жастармен сұхбаттасты. Бұл кезекті қатысу – ауыл мен ұлттық болмыс мәселесіне бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның көрінісін танытты.