Таразда су арнасының айналасы саябаққа айналды

Жобалар

Ал Таразда су арнасының айналасы саябаққа айналып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жаңа демалыс орны ашылды. Осылайша «Ұлы дала» шағын ауданы мен «Бұрыл» алқабын жалғап жатқан «Түйте» каналын абаттандыру жұмысы аяқталды.

Ал тұрғындар қуанышында шек жоқ. Бұған дейін қамыс басып, қараусыз қалған су арнасының 2 шақырымға жуығы бетондалған. Айналасына жарық шамдар қойылып, 10 шақырымына тротуар төселді. Көктемнен бері көгалдандыру жұмысы қарқынды жүргізілген. Бұдан бөлек, биыл «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдары да жаңғыртылады. Жоба бойынша жағалау бойына спорт алаңдары және зейнеткерлерге арналған тынымбақ салу қарастырылған. Айта кетейік, былтыр қалада 60 шақырымнан асатын 8 канал механикалық тазалаудан өтті.

Шарапат Сайлаубаева, қала тұрғыны:

Осыны жасаған жұмысшыларға да рақмет. Мынау өте керемет жер болды. Кешке жақын жер салқын, су ағып тұрады. Жан-жағы жарық. Қысылып пәтердің ішінде отырғанша, кешке жақын немерелерімізді алып, далаға шығамыз. Біреуі велосипед айдайды, біреуі самакат тебеді, арбаға балаларын салып жүреді.

Данияр Әлімқұл