«Таза Қазақстан»: Павлодар облысында мың тонна қоқыс шығарылды

Жобалар

Павлодар облысында соңғы алты ай ішінде өткізілген «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды 24KZ. Табиғатты қорғауға бағытталған ауқымды шара 44 бағытты қамтып, 23 мыңға жуық адамды біріктірді. Жарты жыл ішінде өңір бойынша алты мыңнан астам ағаш көшеті егіліп, бір мың тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды.

Қоғамдық орындарды тазарту мен рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын жою жұмыстарына 400-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Игі бастама барысында Telegram желісіндегі «Таза Қазақстан» боты арқылы тұрғындар 200-ден астам өтініш жолдап, белсенділік танытты. Экологиялық шаралардың маңызды бөлігі қала тұрғындарының сүйікті орны Усолка өзенінің жағалауында өтті.

Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша бас экологиялық инспектор:

- Бұл демалушылар көп баратын жер. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар тазалыққа мән бермейді. Соның салдарынан бұл аумақта үнемі санитарлық-тазалық жұмыстары, экологиялық акциялар мен қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыруға тура келеді. Сонымен қатар Павлодар қаласының жалпы аумағында да жергілікті атқарушы органдар тарапынан тазалық пен тәртіпті сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.