Әлемдік саясатта әйелдердің ықпалы артып келеді

Жобалар

Forbes журналының 2024 жылғы деректеріне сәйкес ең ықпалды әйелдер қатарында Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық орталық банк президенті Кристин Лагард бар.

Бұл әйелдер өз елдерінде және халықаралық деңгейде маңызды шешімдер қабылдап, саясаттағы әйелдердің рөлін нығайтуда.

Финляндияда гендерлік теңдік заңнамалық деңгейде белсенді түрде қолдау тауып келеді. Скандинавиялық мемлекет саясаттағы теңдік бойынша алдыңғы қатарда. Фин елінде гендерлік теңдік туралы заңдар мен әлеуметтік қолдау шаралары жіті қолданылады. Билік ата-аналарға, соның ішінде әйелдер мен ерлер үшін ұзақ мерзімді бала күтімі бойынша демалыстарды ұсынады. Әйелдерді саясатқа көптеп тарту мақсатында саяси сауаттылықты арттыруға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарламалар бар. Оқу курстары әйелдердің парламентке сайлануы мен үкіметтегі жоғары лауазымдарға тағайындалу көрсеткішін арттыруға ықпал етеді. Бұл курстарда көшбасшылық, саяси басқару және стратегиялық жоспарлау саласындағы қажетті білім мен дағдылар беріледі.

Швеция парламентіндегі орындардың 47%-ын әйелдер иеленеді

Гендерлік инклюзивтілік саласында еуропалық елдер айтарлықтай жетістіктерге жетті. Осындай мемлекеттердің бірі — Швеция. Елдің парламентінде депутаттардың шамамен жартысы дәлірек айтқанда, 47%-ға жуығы әйелдер. Бұл көрсеткіш әлем бойынша ең жоғары деңгейлердің бірі саналады. Сонымен қатар, елдегі партияларда гендерлік квота саясаты бар. Аталған ереже бойынша, сайлауға қатысатын партиялық тізімдерде кемінде 40% әйелдер мен 40% ерлер болуы тиіс. Бұл шаралар биліктің барлық деңгейінде гендерлік теңдікті жақсартуға көмектеседі.

БҰҰ: Әлем бойынша парламенттердегі әйелдердің үлесі 26%-ға жетті

БҰҰ мәліметтері бойынша, әлем елдерінің парламенттерінде әйелдердің үлесі бүгінде 26%-ға жеткен. Бұл есеп 53 елдің деректеріне негізделген. Заң шығарушы органдардағы әйелдердің өкілдігін ескеретін Гендерлік теңсіздік индексінің орташа көрсеткіші де біртіндеп өсуде. Мысалы, Солтүстік және Оңтүстік Американың парламенттері әйелдердің өкілдігі бойынша көш бастап келеді, олардың көрсеткіші 35,1%-ға жетті. Бұл бағдарламаларды іске асыруда елдерге мұқият ойластырылған мемлекеттік қолдау шаралары көмек көрсетуде.

Әлемдік саясаттағы ықпалды әйелдер

Жалпы кейінгі кездері әлемдік саясатта әйелдердің ықпалы артып келеді. Forbes журналының 2024 жылғы деректеріне сәйкес, ең ықпалды әйелдер қатарында Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық орталық банк президенті Кристин Лагард, АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Камала Харрис пен Италия премьер-министрі Джорджия Мелони бар. Бұл көшбасшылар өз елдерінде ғана емес, халықаралық аренада да маңызды рөл атқарып, жаһандық саясатқа елеулі ықпал етуде.