5 маусым «Qazaqstan» телеарнасында «Таза Қазақстан – таза болашақ» республикалық телемарафоны өтеді. Табиғатты аялауға шақыратын іс-шара дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күні аясында ұйымдастырылмақ. Телемарафон таңғы сағат 07:00-де «Таңшолпан» бағдарламасынан басталып, кешкі 20:00-ге дейін «Ақпараттың» 6 арнайы тікелей эфирі арқылы көрсетіледі.
Әр шығарылым сайын еліміздің түкпір-түкпіріндегі ерекше бастамалар, экология саласындағы еріктілер мен мамандардың ерен еңбегі және су ресурстарын үнемдеудің маңызы туралы тың деректер айтылып, 20-дан астам сарапшымен сұхбат жүргізіледі.
Сондай-ақ Есіл өзенінің жағасында көшпелі студия жұмыс істейді. Еліміздің бірнеше өңірінен тіпті шет мемлекеттерден тікелей қосылымдар да жоспарланған. Бұдан бөлек сағат 20:30-да «Ашық алаң» бағдарламасында қоғамның экомәдениеті, Қазақстандағы экологиялық мәселелердің шешілу жолдары талқыланады. Бұл телемарафон болашақ ұрпаққа таза және қауіпсіз орта қалдырып, қоғамның бірлігі мен жауапкершілігін еселеуді көздейді.
Ернұр Медет