"Қырқы, жүзі, жылы болмайды": Марқұм әкесінің кәделерін өткізбеймін деген ер адамның басы дауға қалды

Жобалар

Марқұм болған әкесінің қырқы, жүзі, жылы секілді жоралғыларын өткізбейтінін мәлімдеген ер адамның видеосы тарады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Видеодағы ер адам жамағаттан марқұм әкесіне арнап мешітте немесе өз шаңырақтарында дұға оқуды сұраған.

«Барша жамағатқа хабарлаймын, әкемнің қырқы, жүзі, жылы деген кәделері болмайды. Ал енді бата, дұға оқымадық, бет сипай алмадық деген жамағатқа айтарым, жақсылап дәрет алып, өз шаңырақтарыңызда немесе мешітте бізге оқылатын дұғаны оқып, алақандарыңызды жайып, дұғаның сауабын марқұмның рухына бағыштасаңыздар Алла да разы, әкем де разы, мен де разы», дейді видеодағы ер адам.

Мыңдаған қаралым жинаған видеоға желі қолданушыларының арасында қызу талқылануда.

«Ежелден келе жатқан салт-дәстүрді бұзбайық, осындай сақалдылар құртатын болды», «Ол садақа астар дінімізде де бар, бермесең берме, тек соны насихат жасама», «Мына байғұс әкесін жерлепті ма өзі, басқа дінге кіріп өртеп жіберсе де таң қалмаймын», «Бұлай жалғаса берсе ұлт ретінде жойылып кететін шығармыз», — деп жазды олар.

Бірақ белгілі болғандай, аталмыш видео бұдан 5 жыл бұрын түсірілген болып шықты. Жылыой ауданының имамы видео жариялап, болған жағдайды түсіндіріп берді.

«Құрметті ағайын, Рамазан айы баршамызға қабыл болсын! Тұтқан оразаларыңыз, дұға-тілектеріңізді Алла қабыл етсін. Аллаға шүкір, жылдан-жылға қасиетті Рамазан айында ораза ұстаушылардың, иық тіресіп мешітте тарауық намазын оқитындардың қатары көбейіп келе жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Бірақ, осы тыныштықты бұзғысы келетіндер бар. Мынау дәстүр мен дінді қарсы қойып, имамдарды халықты қарсы қойып дегендей. 2020 жылы пандемияның уақытында той жасауға болмайды, садақа жасауға болмайды деген секілді мемлекет тарапынан арнайы шектеулер болды. Сол кезде бір бауырымыз маған әкемнің садақасын жасай алмай отырмын, соның орнына кететін шығынды мұқтаждарға мешіттен таратып берейінші деп өтініш жасаған еді. Сол бауырымыздың өтініш бойынша арнайы маскамен видео салып, халыққа сол қайырымдалыққа түскен тамақтарды таратқан едік. Ал енді соны біреулер 5 жыл өткеннен кейін шығарып алып, міні имамдар осылай жасап жатыр деп көрсетіп жатыр екен. Құрметті ағайын, бұл ковид кезіндегі нәрселер. Қазір Аллаға шүкір халық діни рәсімдерін де, дәстүрлерін де орындап жатыр. Ешкім ешнәрсеге қарсы емес. Алла тағала жақсылықтар берсін баршамызға. Арандатушылықтарға сеніп қалмаңыздар», — дейді имам.