Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасының деңгейі түсе бастады, деп хабарлайды 24KZ. Қазір бөгет үстімен Есілге төгіліп жатқан ағыстың биіктігі 95 сантиметр. Бұл өңірдегі көктемгі тасқынның алғашқы толқыны өтті деген сөз.
Синоптиктердің айтуынша, өзен арнасы Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласының маңында көтеріліп жатыр. Бірақ ол елді мекендерге айтарлықтай қауіп төндірмейді. Күннің күрт жылынуынан қардың басым бөлігі еріп кетті. Соған қарамастан төтенше жағдайлар қызметі 116 ауылды бақылауда ұстап отыр.
Қымбат Мерғалымова, «Қазгидромет» МКК СҚОФ директоры:
- Ақмола облысында судың қайта көтерілуі байқалады. Осыған байланысты демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабит Мүсірепов ауданына Есіл өзені арнасынан асып, Сергеев қоймасына келіп құяды. Көктемгі тасқынның екінші толқыны Петропавлда сәуірдің 10-ына қарай өтеді.