“Ойыннан от шықты“. Қостанайда әзілдеген баланың ата-анасы жазаланады

Жобалар

Қостанайда оқушының әзілі үшін ата-анасы жауапқа тартылады, - деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.

Мән-жай

4 наурызда полицияға мектеп оқушысынан қоңырау түскен. Ол қалалық мектептердің бірін террористер басып алды деп хабар берген. Оқиға орнына әртүрлі қызметтердің өкілдері: полиция, құтқарушылар, ҰҚК қызметкерлері дереу барған. Мамандар оқу орнының аумағын тексерді. Алайда қауіп расталмаған, сондай-ақ, жарылғыш заттар мен күдікті адамдар табылмаған.

Полицейлер қоңырау шалған кім екенін анықтаған. Ол сол мектептің 5-сынып оқушысы болып шықты.

Полиция пікірі

Үрей тудырған әзіл оның отбасы үшін ауыр зардаптарға әкеп соқты. Қазір полиция көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша соталды тергеуді бастады. Процессуалдық шешім қабылданғаннан кейін ата-анасы жауапкершілікке тартылады.

Полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінгі күні – 19,6 млн.теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, сондай-ақ, бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделгенін еске салды.

Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуі қажет. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!