Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда қаржылық алаяқтықтың 11 дерегі тіркелген, деп хабарлайды 24kz.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға қатысты 9 қылмыстық іс сотқа жолданған. 887 адам жалпы сомасы 955 млн теңге шығынға ұшыраған. Өңірде 4 сайт пен 6 ватсап-топ бұғатталған. «Алаяқтарға алданбау үшін қаржылық қауіпсіздік негіздерін меңгеру қажет», — дейді мамандар. Арнайы ұйымдастырылған брифингте облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері «Заң мен тәртіп» қағидасы аясындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы баяндады. Азаматтар, әсіресе жастар өз әрекеті үшін жауапкершілікке үйрену керектігін айтты.
Нұрбол Рахметов, БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары:
- Осы мақсатта департаментімізбен мектептерде және жоғары оқу орындарында семинарлар, дәрістер мен талқылаулар өткізілсе, бұл өз кезегінде, жасөспірімдер мен жастар арасында құқықтық сананы қалыптастыруға және заңдылықтың мәнін түсінуге ықпал етеді. Бұл іс-шаралар адамдардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қылмыстардың айтарлықтай төмендеуіне ықпал етпек.