Гендерлік теңдік отбасынан басталады – сарапшылар

Жобалар

Қазақ ер азаматты шаңырақтың иесі деп санаса, әйелді отбасының алтын қазығы деп құрметтеген, деп хабарлайды 24kz.

Осылайша, бағзы заманнан отбасындағы теңдік мәселесі шешімін тауып отырған. Алайда содан бері дәуірлер өзгерді. Бүгінде әйелдер ошақ басы ғана емес, қоғамдық істерге белсенді араласа бастады. Дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасына сәйкес Қазақстан ер мен әйел теңдігі бойынша 146 елдің ішінде 62-орынға көтерілген. «Бұл гендерлік саясаттағы оң өзгерістің бірі», — дейді сарапшылар.

Қазақ отбасында теңдікті ұстаған халық. Ежелден ер мен әйелдің құқы тең бөлінген. Әйел ошақтың иесі, ер Отанның иесі деп қараған. Алайда уақыт өзгеріп, қазақ әйелдері саясат пен қоғамдық істерге белсене арала бастады. Айталық, бүгінде атқарушы, өкілді және сот органдарындағы әйелдердің үлесі 30%-ке жетті. Еліміздегі шағын және орта бизнестің 50%-тен астамын әйелдер басқарады. Нәзік жандардың қай салада да мүмкіндігін кеңейту – бүгінде мемлекет алдындағы маңызды бағыт.

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ол жұмысты біз ауылдардан бастауымыз керек. Бәріміз білеміз, ең мықты әйелдер өңірлерде. Жас қыздарымызды, келіншектерді осы бастан қарап, көмектесуіміз керек, мемлекеттік органдар, өкілетті орган бар бізде. Солар. Кадрлық резерв деген бар. Әйелдер кадрлық резерві. Соны біз осы тұрғыда жұмыс істегеніміз жөн деп ойлаймын.

Десе де, гендерлік теңдік отбасынан басталады. Сарапшылардың пайымынша, шаңырақта ер мен әйелдің қарым-қатынасы түзелмейінше, қоғамды демократиялау қиын. Былтыр елде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жауапкершілік күшейтілді. Мамандар гендерлік теңдік үшін тек заңдардың қайта жазылуы жеткіліксіз екенін айтады. Ол үшін өмір сүріп жатқан ортаның санасы өзгеруі керек. «Ал бұл анау айтқандай жылдам процесс емес», — дейді олар.

Әйгерім Құсайынқызы, заңгер, гендерлік экономиканы зерттеуші:

- Гендерлік теңдік деген кезде қоғамда мынадай түсінбеушілік бар. Гендерлік теңдік дегеніміз – әйелдің еркектен үстемдігі немесе еркекті жек көретін әйелдер. Немесе еркектердің орнын тартып алғысы келетін әйелдер. Жоқ ондай пікір емес, гендерлік теңдік дегеніміз тарихи қалыптасуына байланысты қоғамның барлық саласында әйелдер мен еркектерге бірдей тең құқықтар беру. Қазақстан сонау 2006 ж қабылдаған немесе 1995-1998 жылдардан бастап Бейжің платформасына қосылған халықаралық деңгейдегі маңызды құжаттарға қол қою емес. Соны халықтың басым бөлігінің 20 миллонның түсінуі, құқықтың сананың қалыптасуы арқылы.

Елде гендерлік саясат және демография мәселелері бойынша 12 зерттеу ұйымын біріктіретін ұлттық консорциум құрылды. Ұлттық комиссия жанынан бірыңғай ғылыми деректер базасы жиналды. Әйелдерді қолдауға, сондай-ақ оларды қоғамдық және саяси өмірге тартуға бағытталған «Томирис» ұзақ мерзімді білім беру жобасы бар. Бұл кешенді шаралар отбасылық құндылықтарды дәріптеп, гендерлік саясатты қоғамда берік орнықтыруға ықпал етуі тиіс.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Асхат Қарағойшиев