Былтырғы Көшпенділер ойындары дүркіреп өткені белгілі. Алты құрлықтан ағылып келген ел де көп. Соның алдында «Жаппай көкпар» федерациясы ресми түрде аккредитация алып, жеке ұйым болып тіркелді, деп хабарлайды 24kz.
Сөйтіп, елде жаппай көкпардан тұңғыш рет ел біріншілігі өтті.
Иә, кіл мықтылар жиылған додада Түркістанның жігіттері жеңімпаз атанды. Екінші орын Шымкент қаласының көкпаршыларына бұйырса, үздік үштікті жергілікті жетісулықтар түйіндеген еді. Енді биыл қалай болмақ? Елде жаппай көкпардан қандай сайыстар өтеді?
Әлишер Әли, тілші:
- Бұл Жетісуда өткен көкпарда түркістандық шабандоздардың бөрігін аспанға атқан сәті. Жаппай көкпардан тұңғыш өткен ел біріншілігінде тақымға серке басқан түркістандықтар 6 салым салды.
Ерсайын Әлібек, жаппай көкпардан ел чемпионы:
- Біз Түркістан облысының бірінші орын алу себебі – бізде әр өңірде жаппай көкпар жақсы дамыған. Палуандардың бәрі мықты. Ол жерде ең бірінші атқа байланысты деп ойлаймын. Ол жақта үлкен ағаларымыздың қолдауымен жақсы жақсы тұлпарлар әкелінді. Соның арқасында жақсы жетістікке жеттік.
Жаппай көкпар спорт ретінде танылды, солтүстік аймақтарда да атқа мінушілер көп. Құрыш білек, бекем белді қазақтың әр жігітіне серке тарту түк емес. Тек астындағы жануары шыдас берсе болғаны. Түркістан облыстық Жаппай көкпар федерациясы президентінің айтуынша, елде көкпар аттары да іріктеле бастаған
Асқарбек Перналиев, Түркістан облыстық «Жаппай көкпар» федерациясының президенті:
- Қазір бізге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей жақтан көп аттар келіп жатыр. Көкпарға, жаппай көкпарға қызығушылық жоғары.
Иә, серке тарту – қазақтың ежелден келе жатқан ойыны. Тек спорт түрі ретінде енді ғана мойындала бастады. Осыған дейін ас, той кезінде салым салған көкпаршылар енді ресми жарыстарда шауып жүр. Биыл ел көлемінде жаппай көкпардан 4 ірі жарыс өтеді.
Асқарбек Перналиев, Түркістан облыстық «Жаппай көкпар» федерациясының президенті:
- Тұңғыш рет өткен ел ішілік жаппай көкпар додасы сәтті өтті. Енді көкпаршыларды тағы 3 дүбірлі дода күтіп тұр. Сондай-ақ күзге салым жаппай көкпардан тұңғыш әлем біріншілігі ұйымдастырылуы да мүмкін.