Биыл байырғы «қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл. Еуразияның кіндігіндегі ұланғайыр далаға иелік еткен тұтас ұлтты «қырғыз» деген жазба Сәкен Сейфулин басқарған үкімет тұсында қолданыстан алынды, деп хабарлайды 24kz.
Иә, әлмисақтан қазақ атанып келген жұрт тарихи атауымен бірге тілін де қорғап қалды.
Қазақ атауына қатысты жайтқа Көкшеде өткен құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев та тоқталды. Мемлекет басшысы ерлер есімі ескеріліп, олардың еңбегіне тарихи баға берілу керектігін айтты.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- 1913 жыл. Екінші ақпанда Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ алашордалықтардың қолдауымен «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Басылымның не себепті бұлай аталуы белгілі болатын. Алғаш рет қазақ атауын қайта қолданысқа қосу идеясы іс жүзінде іске асты.
Айгүл Ісмақова, Назарбаев университетінің профессоры:
- 1731 жылдан Әбілхайыр хан Ресей иелігіне құлдығына кіргендіктен ресми түрде бізді киргиз-казахи деп атады бізді Ресей патшасы. Содан бері Пётр I кезінен бастап 1913 жылға дейін «Алаш» саяси элитасы Әлихан, Ахмет, Міржақыптар «Қазақ» газетін шығарғанда оның атауын «Қазақ» деп қазақ атауын қайтарды.
Марат Әбсеметов, С.Сейфуллин музейінің директоры:
- Енді XIX ғасырда да бұл қатты мәселе көтерілген. XX ғасырдың басында «Қазақ» газетінде алғаш рет Міржақып Дулатов қазақ мәселелсін көтереді. Ресейдің сібір казахтары шыққаннан кейін, сібір казахтарымен шатастырмау үшін ресейліктер бізге «қырғыз» деген атау қойды. Қырғыздарды «қара қырғыз» деді. Бірақ қазақ халқы өзін ежелден қазақ деп келген.
Арада 8 жыл өтті. 1925 жылы Қазіргі Қызылорда қаласында қазақтың игі жақсылары бас қосты. Кеңесте алдымен «Алаштың» алғашқы астанасын Ақмешіт аймағынан құру идеясы сөз болды. Артынша «қазақ» атауын қайта қолданысқа қосу жайы қаузалды.
Ақырында кеңес шешімен қос ұсыныс та құпталды.
Марат Әбсеметов, С.Сейфуллин музейінің директоры:
- 1923 жылы «Еңбекші қазақ» деген газет бар, соның №66 санында Сәкен Сейфуллин үкіметтің төрағасы болып тұрғанда «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген үлкен мақала жазады. Ол кезде үкіметтің құрамында Сәкен Сейфулин, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, Смағұл Сәдуақасовтар болды. Мәжит Шонбалов, Ахмет Бірімжанов деген үлкен азаматтар жүрді, сол пікірді көтеріп жүрді.
Айгүл Ісмақова, Назарбаев унивеситетінің профессоры:
- Қазақ элитасының сол кездегі басшысы болған, өзі «Тар жол тайғақ кешу» романында жазған «Қазақ» газеті қазақ атауын қайтарды және «енді қазақты қазақ қылып қайтару бізге парыз», — деді. Оны аманат етіп алған Сәкен Сәйфуллин. Осыдан 100 жыл бұрын Қазақстан Социалистік республикасы деп «қазақ» деген атауын Қазақстан атауына кіргізген бірегей саяси тұлға.
Иә, аумалы-төкпелі шақта «қазақ» атауын қайтару қиын болғаны айтпаса да белгілі. Сол уақыттағы ұлт қайраткерлерінің табандылығымен тарихи әділдік орнады.
Бұл жайлы Бурабай баурайында өткен құрылтайда Мемлекет басшысы да баса айтты. Әсіресе, сол сәтте үкіметті басқарған Сәкен Сейфуллиннің еңбегі ерен екенін ескертті.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Жандос Битабаров