0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Жыл сайын елімізде өкпе обырына шалдыққан науқастар қатары көбейіп келеді. Қазір дерт анықталған төрт мыңға жуық адам дәрігердің есебінде тұр. Көпшілігі – ер азаматтар. Арасында жиырмадан асқан жас жігіттер де бар. Дәрігерлер аты жаман аурудың жасарып жатқанын айтып, дабыл қақты. Тақырыпты Асылбек Данияр жалғастырады.
Сәуле Базылбекова 41-де. Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келіп, Астанада емделіп жатыр. Былтыр бауырынан қатерлі ісік анықталып, ота жасатқан. Онкологтар көп ұзамай науқасқа өкпе обыры диагнозын қойған. Айтуынша, ешқандай ауру белгісін байқамаған.
Сәуле Базылбекова, Өскемен қаласының тұрғыны:
Кеуденің аппаратына түскенмін. Бірақ енді мен өзім мойындаған жоқпын, ондай ауру емеспін, ешқандай ештеңе мазаламайды деп. Өскемендегілер басында менде өкпе онкологиясымен ауырасыз, операция жасау керек деп солай шешкен. Бірақ осында келгесін осы кісілер өкпеге емес, бауырға алдымен бауырға жасау керектігін анықтады. Сізде бауыр кетіп бара жатыр. Мамандардың жаңағы дұрыс анықтағанының нәтижесінде жарық дүниені көріп отырған шығармын деп ойлаймын.
Статистика бойынша елімізде 231 мың адам онкологиямен ауырады. Былтыр 40 мыңнан астам адамға диагноз қойылған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Қауіпті дерттен 12 мыңдай адам көз жұмған. Елімізде ең көп тараған қатерлі ісік түрлерінің ішінде өкпе обыры үшінші орында тұр.
Өкпе обырын скрининг арқылы анықтау өте қиын, дейді онкологтар. Айтуларынша, бұл дерт коронавирус пандемиясынан кейін көбейген. Өйткені сол кезде рентген мен компьютерлік томографияға жүгінетіндер саны артыпты. Яғни обырдың бұл түрін тек аталған аппарат арқылы ғана білуге болады.
Өкпе обырының пайда болуына мынадай факторлар әсер етеді. Ол – темекі шегу, экологияның нашарлауы, созылмалы өкпе аурулары. Сонымен бірге, тұқым қуалаушылықтан да болады, дейді дәрігерлер. Бұл дерт ерлер арасында бірінші орында тұр.
Ақ халаттылар өкпе қатерлі ісігін емдеудің жаңа хирургиялық тәсілдерін қолданып жатыр. Ол кеуде хайток деп аталады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл тәсіл науқастың өмір жасын ұзартуға мүмкіндік береді.
Нұртас Қалибеков, хирург-онколог дәрігер:
Осыған дейін 3 науқасқа жасадық. Бұл операцияның ерекшелігі операция кезінде толық ісік алып тастаймыз да, кейін сол операция жасалған орынды химиялық препаратпен 42 градуста ішін жуамыз. Сол ыстық градуста өзінің резизденті төмендеп, химияның әсерінен жойылады. Соның әсерінен біз осы операцияны енгізіп отырмыз. Нәтижесі жаман емес, жақсы нәтиже көріп отырмыз. Енді бұл операциядан кейін енді бұл шетелдерде зерттеп қаралған.
Қатерлі ісіктің кез-келген түрі қайталануы мүмкін. Сондықтан науқастарды жыл сайын тексеріп отыру маңызды. Егер ауру ерте анықталса, оны емдеу мүмкіндігі жоғары болады. Осы орайда онкологтар халықты денсаулығына бей-жай қарамауға шақырады.
Асылбек Данияр