Қадір түні әрбір мұсылман үшін ерекше мүмкіндік. Бұл түнді қалай өткізген дұрыс? Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі бірнеше кеңеспен бөлісті.
1. Дұға жасау және кешірім тілеу
Қадір түнінде айтылатын ең маңызды дұғалардың бірі – Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үйреткен мына дұға:
«Алла Тағалам, Сен – аса кешірімдісің, кешірімді жақсы көресің, мені кешіре гөр!»
Бұл дұғаны қайта-қайта айтуға болады. Сонымен қатар, адам өз өмірінде жасаған қателіктері үшін шын жүректен кешірім сұрап, келешекте дұрыс жолмен жүруге ниет етуі керек.
2. Құран оқу және тәпсірлерімен танысу
Қадір түні – Құран түскен түн болғандықтан, бұл түні қасиетті кітапты оқу ерекше сауап әкеледі. Егер Құран оқи алмасаңыз, оның қазақша мағынасы мен тәпсірін оқып, түсінуге тырысыңыз.
3. Намаз оқу
Бұл түнде парыз намаздардан бөлек, қосымша қажет намазын, тәспих намазын, тәһәджуд намазын оқуға болады. Қадір түнін толықтай ғибадатпен өткізу – үлкен сауап.
Тәһәджуд намазы 2 ракағаттан 12 ракағатқа дейін оқылуы мүмкін. Әр екі ракағаттан кейін сәлем беріледі. Бұл намазды түннің екінші жартысында оқу ұсынылады.
4. Садақа беру және қайырымдылық жасау
Қадір түні жасалған әрбір жақсы іс мың ай бойы жасалған құлшылықпен тең болғандықтан, садақа беру – сауапты істердің бірі. Мұқтаж жандарға көмектесу, қаржылай қолдау көрсету немесе жақсы сөз айту – бәрі де үлкен сауап әкеледі.
5. Туыстармен және жақындармен қарым-қатынасты жақсарту
Исламда адамдардың бір-бірімен тату болуы өте маңызды. Егер біреумен ренжісіп қалсаңыз, осы түнде кешірім сұрап, арадағы қарым-қатынасты дұрыстауға тырысыңыз. Бұл да сауапты іс саналады.