Ұлыстың ұлы күніне орай Жезқазғанның орталық көшесіне 20 киіз үй тігілді, деп хабарлайды 24KZ. Дәл қазір онда ұлттық тағам дайындау мен асқа бата беруден сайыс өтіп жатыр. Әр үйде қазақ дастарқанында ұмыт болып бара жатқан тағам түрлері әзірленді.
Жезқазғанда Ұлыстың ұлы күнінде бұлжымайтын дәстүр бар. Жыл сайын ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Былтыр көне салт-дәстүр жаңғырған. Ал биыл ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды дайындау мен асқа бата қайырудан жарыс өтіп жатыр. Сайысқа қатысушыларға тағамды әзірлеумен қатар оның денсаулыққа пайдасы туралы да ақпар беру міндеттелген. Бұдан бөлек, қазылар алқасы киіз үйлердің де арасынан ең үздігін таңдады. Ал Алаш алаңындағы сахнада ұлы дала төсіне жаңа күннің жеткенін сүйіншілеген театрландырылған қойылым мен композициялар ұсынылды.
Шекер Мәдіғалиқызы, Астана қаласының тұрғыны:
- Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Біз осы мерекені көруге Астана қаласынан келіп отырмыз. Бүкіл Жезқазған халқын Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Құт береке келсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Жезқазғанда кешеден бері күн райы құбылып тұр. Бірақ бұл мерекеге жиылған жұртқа кедергі емес. Тұрғындардың көңіл күйі керемет. Арнайы алаңда атқа мініп, серуен құрып жүр.
Бекзат Дайрабайұлы, қала тұрғыны:
- Жаңа жылдан жақсылық күтеміз ғой, әрине. Жылан жылы негізі берекелі болады дейді ғой. Енді ырымшыл халықпыз, арты жақсы болсын. Ең бастысы бейбітшілік болсын.
Киіз үйлерде көпшілікке мерекенің басты тағымы Наурыз көже таратылды. Білекті де жүректі жігіттер қошқар көтеру, қол күресі, арқан тарту секілді ұлттық ойындардан сайысқа түсті. Мерекелік шара жергілікті өнерпаздар мен танымал әншілер қатысқан концертпен түйінделді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев