Алматының Наурызбай мен Қарасай аудандарын сумен қамтамасыз ететін нысан құрылысы қашан аяқталады

Жобалар

Наурызбай және Қарасай аудандарының тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін "Ақсай" су жинағыштың құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің ресми Telegram арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды .

"2025 жылдың қараша айында тәулігіне 22 мың текше метр су өткізетін "Ақсай" су жинағыштың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл нысан Наурызбай және Қарасай аудандарының 100 мың тұрғынын сумен қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта құрылыс 80%-ға аяқталған. Су жинағыш нысанына дейін ұзындығы 9 шақырым болатын автомобиль жолы мен 5 көпір салу, сондай-ақ сүзгі станциясын іске қосу-жөндеу жұмыстары қалды", — делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен қатар биыл наурызда ұзындығы 34 шақырым болатын батыс кәріз коллекторының құрылысы басталған болатын. Бұл жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталады, деп сендірді әкімдікте.

"Инженерлік желілерді жаңғырту аясында 2025 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуы 52,9%-ға, су бұру желілерінің тозуы 53,9%-ға, ал электрмен жабдықтау жүйелерінің тозуы 63,3%-ға дейін төмендейді", — делінген әкімдік хабарламасында.