Нақты секторды қаржыландыру мүмкіндігі

Жобалар

Мемлекет басшысы екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) экономиканың нақты секторына қаржы беруді ұлғайтуы керек деп маңызды тапсырма берген еді. Осыған орай Премьер-министр арнайы кеңес өткізіп, онда ірі инфрақұрылымдық жобаларды салу және жаңғырту бағдарламаларын жүзеге асыруға назар аударылды.

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ЕДБ активтерінің тек 21,2%-ы бизнесті несие­лендіруге тиесілі екенін, 16,5%-дан астамы кепілсіз тұтынушылық несиелерді құрайтынын, өтімділігі жоғары активтердің үлесі 29,6%-ға дейін өскенін баяндады. Жаңа Салық кодексі жобасында корпоративтік секторды несие­леуден түсетін кірістер бойынша корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін 20% деңгейінде сақтау, ал тұтыну секторы үшін 25%-ға белгілеу және бірқатар қаржылық операцияға қатыс­ты шамамен 500 млрд теңгені құрайтын қосылған құн салығы жеңілдіктерін алып тастау ұсынылады.

Бұл шаралар салық тө­лем­­дерін ұлғайтуға, салық жүк­темесін теңестіруге және банк активтерінің құрылы­мын теңестіруге, олардың ресурстарын нақты экономикаға бағыттауға арналған.

Әлеуетті ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) шегін мақсатты түрде арттыру стратегиялық мақсат болуға тиіс. Бұл орта және ұзақмерзімді кезең­де ел экономикасының өнімді­лігін арттыру үшін инвести­ция­ларды қандай бағыттар­ға шо­ғырландыру керек екенін және қандай институционалдық қолдау қажеттігін түсінуге мүмкіндік береді.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бас­­қар­­ма төрағасы Рустам Қара­ғойшин кәсіпкерлікті қолдау мен несиелеудің негізгі құралдарын ұсынды. 2024 жылы холдингтің экономика секторларын қолдауға қосқан жалпы үлесі шамамен 4 трлн теңгені құрады. 2025 жылы осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қаржыландыру көлемін 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге дейін одан әрі ұлғайта отырып, шамамен 8 трлн теңге бағыттау жоспарланған. ЕДБ-ны нақты секторды қаржыландыру­ға тарту шеңберінде өтімді­лік­ті арттыруға бағытталған бірқатар шара ұсынылады.

84 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Өндіріс, инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы сала­ларына басымдық беріле­ді. Мемлекеттік кепілдік­тер ұлғайтылады, соның нәтиже­сінде құрылыс жұмыстары 13,1 мың шақырым автожолдар мен 585 шақырым теміржолдарды қамтиды. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 5 жылда 13 трлн теңгеден астам, оның ішінде биыл 1,2 трлн теңге инвестиция салынады. Тұрғын үй құрылысының рекордтық көрсеткіші – кемінде 19 млн шаршы метр үй салынады деп күтіліп отыр. Нақты секторды қаржыландыруды ұлғайтуға бағытталған бастамалар ІЖӨ-нің өсуіне әкеледі.

Өз кезегінде, Қазақ­стан қаржыгерлер қауымдасты­ғының төрағасы Елена Бахмутова ЕДБ экономикаға несие беру көлемін арттыруды жалғастырып жатқанын айтты. 2024 жылы бизнес-қарыз алушылардың жалпы саны 441 мыңнан 532 мыңға дейін өсті. Банк секторы жылдың бірінші айында іскерлік бел­сенділіктің дәстүрлі баяулауына қарамастан, тек қаңтар айының өзінде 1,1 трлн теңге жаңа несие берді.

Отандық банк секторының өкілдері ірі инвестициялық жобалар мен стратегиялық сала­ларды қаржыландыруға бағытталған «Бәйтерек» хол­дингінің бағдарламаларын іске асыруға белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар шағын және орта бизнес кредиттеріне кепілдік беру қорын капиталдандыру, салық салу және әкімшілендіруді жетіл­діру, қаржыландыруға қол­же­тім­ділігі бар салалар тізбесін кеңейту, кредит алу жыл­дам­дығын арттыру үшін цифр­ландыру, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жақсарту мәселелері көтерілді.

«ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Талғат Қуанышев, «Еуразиялық банк» АҚ басқар­ма төрағасы Ләззат Сатиева, «Банк ЦентрКредит» АҚ басқарма төрағасы Руслан Влади­миров, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, «Ата­мекен» ҰКП Төралқа төраға­сы Райымбек Баталов ұсыныс­тарын айтып, сөз сөйледі.

Аталған ұсыныстарға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-ми­нистрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин түсініктеме берді. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр экономиканы қаржыландыру бойынша жаңа тәсілдерді бірлесіп енгізудің маңыздылығын атап өтіп, банк басшылығының назарын жергілікті қамту мәселесіне аударды.

«Президент Үкіметтің ке­ңей­тілген отырысында ірі ин­ф­ра­құрылымдық жобалар­ды салу және жаңғырту үшін екін­ші деңгейлі банктер ресурс­­тарын пайдалану міндетін қой­ды. «Бәйтеректі» капиталдандыруды ұлғайту экономикаға, оның ішінде екінші деңгейдегі банктер арқылы жоғары өтім­ді­лік­ті тартуға бағытталған. Бұл осы және кейінгі жылдары ел экономикасының дамуы­на елеулі серпін береді. Бұл бағдарлама барынша тиімді болуы үшін банктермен бір­лесе, үйлесімді жұмыс істеу маңызды. Біз ашық жұ­мыс істеуге дайынбыз, қар­жы­ландыру екінші деңгейлі банк­термен бірге жүруі үшін бар­лық тетіктерін көрсетіп отыр­мыз, оған өз кезегінде даму инс­титуттары көмектеседі. Біз қолдайтын барлық жобаларда жергілікті қамтуға басым­дық беріледі. Әрбір жобаны жіті қараймыз: Қазақстан­да өндірілетін тауарлар­дың барлығы сырттан импорт­талмай, өзімізде сатып алынуға тиіс. Бұл жұмыс цифрлық форматта жүргізілуі керек. Мемлекеттің көмегімен қандай да бір жобаны жеңілдікті мөлшерлемемен жүзеге асырып жатқан кәсіпкер тауарды қазақстандықтардан сатып алуы қажет», деп атап өтті Премьер-министр.