0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Өзбекстан билігі ботаникалық бақтарды жекешелендіруге тыйым салып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізіміне енгізбек. Енді ғимарат құрылысы үшін жасыл желекті отау тоқтайды. Құрылыс көбейіп, ағаштардың кесілуі ауаны да ластайтыны белгілі. Мұнымен күресу үшін «Жасыл мекен» ұлттық жобасы қолға алынған.
Наурыз айы басталғалы Өзбекстанда ағаш егу, айналаны абаттандыру қарқын алды. Осыдан оншақты жыл бұрын Ташкенттің көптеген саябағында ағаштар түбірімен оталған. Осы олқылықтың орнын толтыруға кіріскен ел көшет отырғызу ісін жалпыұлттық деңгейге көтерді.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
«Бір тал кессең он тал ек» деген біздің қазақтың мақалының мән маңызы көршілес елде де өте зор. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жасыл желектің, өсіп тұрған тал дарақтың адам өміріне қаншалықты пайдалы екенін жақсы сезеді, және оны біле тұра кесер болса ол адам заң бойынша жауапкершілікке тартылады.
Әрбір кесілген ағаштың орнына 10 емес 100 ағаш отырғызу міндеттелген. Айыппұл көлемі былтырдан бастап 5 есеге артты. Ғимарат салу үшін өсіп тұрған талды отайтын кәсіпкерлер оны 100 миллиондап төлейді. Жазы тым ұзақ әрі аптап ыстық болатын елде жасыл желекті көздің қарашығындай қорғамаса болмайды.
Зарина Абдуллаева, Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бөлім басшысы:
Қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың міндеті. Бұл тұрғыда нақты заңдарға, құқықтық актлерге сүйенеміз. Соңғы жылдары табиғат қорғау, экология мәселелері бойынша көптеген заңдар қабылданды. Олар кезең кезеңімен жүзеге асып та жатыр.
Айналаға әсемдік сыйлайтын декоративті ағаштар мен гүл өсіру ісі жыл сайын артып келеді. Мұнымен айналысатын тұқымбақтар мен жылыжайлар дайын өнімді аймақтарға ғана емес, көршілес мемлекеттерге де сатады.
Ботир Газиев, жылыжай шаруашылығының маманы:
Қазақстан, Қырғызстан Тәжікстан мен Түркменстан елдеріне экспортқа шығарамыз. Орталық Азияның климатына бейімделген, кез келген ортаға көрік беретін мұндай ағаштарға сұраныс өте жоғары.
Жасыл-желектің үлесін 30 пайызға жеткізу мақсатында жыл сайын 200 миллион түп ағаш отырғызылады. Бұл істе әсіресе жастар белсенді. Соның бір дәлелі, Самарқандағы Зарафшан қорығында пайда болған Жас экологтар бағы. Өзбекстанның барлық облысынан жиналған жүзден астам жас бұл жерге көшет екті.
Зарина Абдуллаева, Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бөлім басшысы:
Жас ұрпақты жермен жұмыс істеуге баулимыз. Олар өз қолымен еккен ағаштарының келешекте үлкен баққа айналғанын көзбен көретін болады. Табиғатқа жанашырлығы артады
Жалпы елде ағаш кесуге мораторий жарияланған. Былтыр осы талапты тұзған 2 мың үш жүзден астам адам заң бойынша жазаланды. Айыппұл көлемі 1 жарым млн долларға жуықтайды.
Базаркүл Отыншиева