Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлесті. LIVE

Жобалар

Ресей атысты тоқтату бойынша келісімге келді.

Бірақ белгілі бір уақытқа ғана. Бұл жөнінде Дональд Трамп пен Владимир Путиннің телефон арқылы әңгімесінде белгілі болды. Осылайша, Шығыс Еуропадағы қарулы қақтығыстың сәл де болса саябырсуына қадам жасалды. Естеріңізге сала кетейік, Жиддадағы жиында Вашингтонның 30 күнге атысты доғару бойынша ұсынысын Киев қабылдаған еді.

Ендігі кезек Мәскеуде болатын.

Екі сағатқа созылған телефондағы әңгіме қалай аяқталар екен деп бүкіл әлем көз тігіп қарап отырды. Нәтижесінде Ресей президенті шектеулі түрде атысты тоқтату бойынша келісімге келді.

Бұл дегеніміз екі нәрсені білдіреді. Біріншісі: Кремль шарты бойынша Ресей тарапы Украинаның энергетика және инфрақұрылым нысандарына оқ атуын тоқтатады. Бұның өзі үлкен жетістік. Алайда қалған бағыттар бойынша соғыс жалғаса бермек. Екінші мәселе: Вашингтон бұл жолы Киевті келістіргендей, Мәскеуді де толық атысты тоқтатуға көндіре алмады. Қоңыраудан кейінгі әлеуметтік желідегі жазбасында Дональд Трамп «Президент Путинмен өте жақсы әрі нәтижелі талқы болды. Энергетика және инфрақұрылым нысандарына дереу оқ атуды доғаруға келістік. Енді толық келісімге жету жолына жұмыс істейміз деді.» Сарапшылар бұл жөнінде асығыстыққа бой алдырмауға шақырып жатыр.

АҚШ, Арлингтон

Майк Кансиан, стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі:

«Бейбітшілікке жету әрқашан ұзақ уақытты талап етеді. Президент Трамп алғашында 24 cағатта, кейін 100 күнде соғысты тоқтатам дегені көптің есінде. Десе де, тарихта олай тез бола қойған бітімгерлік келісімі жоқтың қасы. Мысалы, Кореядағы соғыс бір жарым жылдық келіссөздер нәтижесінде тоқтады. Келіссөздер енді басталды, әліптің артын баққан жөн. Меніңше ендігі үміт Таяу шығыстағы басқосуларда болмақ. Сол жерде толыққанды соғысты 30 күнге тоқтатуға уағдаласуға мүмкіндік болады деп ойлаймын».

Ердана Ержан, тілші:

- Телефондағы әңгіме жайлы Кремль де ақпар жариялады. Онда Мемлекет басшыларының Украинаға қатысты егжей тегжейлі әңгімелесіп, көзқарастарын ашық талқылағаны жайлы айтылды.

Путин Трампқа соғысты тоқтату жолындағы ниеті үшін алғыс білдіргенін жазды. Және онда атысты толық тоқтату үшін Ресейдің қандай шарт қойғаны да көрсетілген. Атап айтар болсақ, Украина әскер қатарын күштеп толықтыруды, қару жарақпен жасақталуды, шетелден келетін әскери көмек пен барлау ақпаратын толық тоқтатуды талап етті. Елең еткізетін тағы бір ақпар бүгін 19 наурызда Ресей мен Украина арасында 175 әскер тұтқын алмасу процесі бойынша өз елдеріне қайтарылатын болды. Оған қоса Ресейде емханаларында жатқан Украинаның 23 жаралы әскері да еліне оралатын болды. Және Украинадағы мәселе бойынша ресейлік, америкалық сарапшылардың жұмыс тобы құрылып, соғысты тоқтату бойынша алдағы әрекеттер талқыланатын болады. Осы телефон келіссөзі жөнінде Украина президентінің өзі де пікір білдірді.

Володимир Зеленский, Украина президенті:

«Біз соғысты доғаруға бағытталған барлық әрекеттерді қолдаймыз. Бірақ толық қолдау таныту үшін нақты қандай қадамдар жасалғанын біз де анық түсінуіміз керек. Дональд Трамп өте қарбалас кісі. Ол кісіде менің номерім бар. Уақыты болғанда хабарласса, алдағы жоспарымызды бағамдап алар едік. Талқылауға тас түйін дайынбыз».

Ердана Ержан, тілші:

- Сондай-ақ Президент Путин мен Президент Трамп Таяу Шығыс, Иран, Қызыл теңіздегі ахуал бойынша пікір алмасып, күш біріктіріп, тұрақтылыққа ұмтылу бойына әрекет етуге уағдаласты. Энергетика мен экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері де сөз болды. Тіпті Владимир Путин АҚШ пен Ресейдің хоккей командалары арасында жолдастық кездесу өткізу жайлы ұсыныс жасады. Дональд Трамп мұны қабыл алды. Әрине әлем назары басқа геосаяси ойындалы болары хақ.