Өңір басшысы Меркі ауруханасына түскен балалардың жағдайымен танысты.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданы, Ойтал учаскесі "Нұрай" жекеменшік бөбекжай-бақшасында орын алған жағдайдың анық-қанығына көз жеткізу үшін оқиға орнына барды, деп жазады inbusiness.kz сайты облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Облыс әкімі Меркі ауданы ауруханасына түскен балалардың жағдайымен танысып, бұдан соң туындаған жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.
Меркі ауданы әкімі Ербол Жиенқұловқа оқиғаға қатысты ақпаратты дер кезінде хабарлау, сырқат балалар мен олардың ата-аналарына жан-жақты қолдау көрсету жүктелді.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев пен денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевқа балалардың жүй-күйін назардан тыс қалдырмай, аурудың одан әрі өршуіне жол бермеу тапсырылды.
Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қызылқұловаға ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту ескертілді.
Облыс әкімі аталған оқиғаны жеке бақылауда ұстайтынын айта келе, кемшілікке жол берген жауапты тұлғалардың жауапкершілігі қаралатынын қатаң түрде ескертті.
Айта кетейік, осы жылдың 17 наурызы күні Меркі аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне Ойтал ауылы "Нұрай" жекеменшік бөбекжай-бақшасының 10 тәрбиеленушісі келіп түскен.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес жедел жұмыс тобы құрылып, орын алған жағдайды зерделеп, әр баланың жағдайымен танысып, ата-аналарымен сөйлесіп, тиісті шаралар қабылдау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда 14 бала мен 1 ересек адам ауруханада, 9 бала үй жағдайында ем қабылдап жатыр. Ауруханаға жатқызылған балалардың 10-ы бөбекжай тәрбиеленушісі болса, біреуі үш айлық бүлдіршін, үшеуі түрлі мектептердің оқушысы. 1 бала жан-жақты тексеру және ем алу үшін облыс орталығына жеткізілді.
Меркі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен тексеру жұмыстары басталып, барлық сынамалар алынған, қорытындысы күтілуде. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі бөбекжай-бақшаның жұмысын уақытша тоқтату туралы Қаулы қабылдады, — делінген хабарламада.