Соның арқасында біраз жұмысты автоматтандырып, бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік бар
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов кинодан түсетін ақшаның ашықтығын қамтамасыз ететін «е-Kinо» платформасын жедел іске қосуды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл ақпараттық жүйе кино өндірісі саласындағы бизнес-үдерістерді жеңілдету үшін жасалып жатыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бүгінде кино өндірісі бірқатар жүйелі мәселеге тап болып отыр.
Атап айтқанда, басы артық қағаз құжат айналымы, мемлекеттік қолдауды бөлуде цифрлық құралдардың болмауы және кассалық түсімдердің бұрмалану қаупі бар. Соның салдарынан қаржы жетіспей жатады, фильмдер де кешігіп шығады. Осы мәселені шешу мақсатында «e-Kino» ақпараттық жүйесі әзірленді. Соның арқасында біраз жұмысты автоматтандырып, бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік бар. Жасанды интеллект пен Big Data шешімдері де қолданылады.
«Сондай-ақ, осы жүйені билет қызметтерімен интеграциялау көлеңкелі айналымды жояды, ал цифрлық экожүйе, соның ішінде стриминг платформалары мен краудфандинг, киноиндустрияның ашықтығы мен тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, жаңа қаржылық мүмкіндіктер жасайды», — деді Мәдиев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Үкімет басшысы жаңа жүйені тездетіп іске қосуды тапсырды.
“Жақсы кино түсіру үшін көп қаражат керек. Мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады. Бірақ қазіргі уақытта фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Сондықтан кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту маңызды. Ол үшін түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін «е-кино» платформасын жедел іске қосу керек”,-деді Бектенов.