Үкімет отырысында креативті индустрияларды дамыту және мәдениет пен өнер салаларын цифрландыру мәселесі қаралды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Былтыр қазақстандық кино өндірісі өскен.
"Қазақстандық кино өндірісі былтыр 58%-ға өсті. Кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші таспа отандық өндіріс туындысы болды. Шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым шамамен теңесті. Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді", — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда жобалар санын көбейтіп, пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аударуды тапсырғанын айтты.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқық сақталуын қамтамасыз ететін "е-кино" платформасын жедел іске қосуды тапсырды.
"Жақсы кино түсіру үшін көп қаражат керек. Мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады. Бірақ қазір фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Сондықтан кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту маңызды. Ол үшін түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқық сақталуын қамтамасыз ететін "е-кино" платформасын жедел іске қосу керек", - деді Олжас Бектенов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!