«Ozge Epic» креативті хабтар желісінің негізін қалаушы Мақпал Жұмабай Үкімет отырысында кадрларды жүйелі түрде даярлау және креативті индустриялар саласындағы білім беру бағдарламаларын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық қажеттілік екеніне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартып қана қоймай, ұлттық шығармашылық экономиканың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
«Бұл бағытта біз Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 421 студентіне оқу бағдарламасын ұйымдастырдық. Ендігі кезекте Батыс Қазақстан облысында 200 креативті маман дайындаймыз. Сонымен қатар біз өзіміз шоғырланған өңірлерде Креативті мамандықтар картасын әзірлеп, жергілікті жердің сұранысына сай жұмыс істеуді мақсат етіп отырмыз. Осы тәжірибені басқа аймақтар үшін де пайдалануға әзірміз. Креативті кадрлар даярлау бағдарламасын білім беру жүйесінің әр деңгейінде енгізу ерекше маңызға ие. Психологтар балаларды кәсіптік бағдарлау 5 жастан басталуы керектігін айтады. Сондықтан креативті білім беруді орта, кәсіптік және жоғары білім беру салаларымен қатар, қысқа мерзімді курстардың тізіміне қосу қажеттігі туындап отыр», деп атап өтті Мақпал Жұмабай.