Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Абай институтының көкжиегі көркем болуы туралы айтқан ойы субстанциялық мәнімен ерекше . Ғұлама ойшыл, классик ақын, хакім Абайды тануымыз – өзімізді танығанымыз. Абай сөзінің өрісі кең. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген ақын даналығы – адамзатқа ортақ байлық.
Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты іргелі мақаласында: «Абайдың Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек», деп атап айтқан еді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында Семейдегі «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мәдени қорық-музейі» халықаралық талапқа сай жаңғырып, Президент өзі келіп ашқан болатын.
Сол танысу барысында хакім Абайдың музейін халықаралық деңгейде, оның ішінде түркі дүниесі аясында насихаттау туралы ерекше сұхбат болған еді. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысының Өзбекстан Республикасына сапарымен орайластырып, Абай музейінің көрмесін Ташкент қаласына апардық. Туысқан елдің Абайға, оның шығармашылығына құрметі ерекше болды. Абай жылы Өзбекстан Республикасының барлық өңірінде құрметпен аталып өтті.
Сондықтан, Абай институтының өрісін кеңейтіп, хакімнің даналық мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау идеясы елдігіміздің жаңа сапасын айқындайды деп білемін. Хакім Абай арқылы қазақтың ойшылдығы мен мәдениеті шартарапқа жол тартса, нұр үстіне нұр болмақ.
Тұрдықұл ШАҢБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиеттанушы-философ