Музыкалық жас көрермен театрында 16-шы жұп шаңырақ көтерді

Жобалар

Астанада 16 наурыз – Шаңырақ күніне орай, аталған театр қабырғасында танысып-табысқан 16 — шы жұптың некесі қиылды. Театрда бір-біріне үйленіп отбасын құрған 15 жұп бар. Іс-шара ата-бабаларымыздан жеткен «Шаңырақ көтеру» атты ерекше салт-дәстүрді насихаттауды мақсат тұтып отыр, деп жазады Egemen.kz.

16-шы жұп Айдос Амандық пен Айдана Болаттың некелерін қию рәсіміне қазақ қыздарының сұлулық эталонына айналған Қыз Жібегі, Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат пен Света Айтбаевтар және елордадағы Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы, белгілі дінтанушы-ғалым Нұрлан Байжігітұлы қатысты.

фото

«Театрымыз ашылғалы төрт жыл жарымдай уақыт болды. Осы аралықта тек спектакльдерді сахналау ғана емес, біздің театрымыз үлкен шаңыраққа айналды. Театрда тек қана 15 отбасы емес, 30 адам бір-бірімен үйлесіп, шаңырақ көтерді. Біздің ұжымымызда былтырдан бастап ерекше Наурызнама басталып жатыр. Некелескен жастардың жұптары ешқашан жазылмасын!», деді аталған театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Максимұлы.

Шара барысында неке қию рәсімімен қатар ән шырқалып, күй тартылды. Жас отбасыға бата беріліп, тілектер айтылды. Отбасылық құндылықтар дәріптелді.

Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы, белгілі дінтанушы-ғалым Нұрлан Байжігітұлы жұптасқан жастарға батасын беріп, мұсылманша неке қию рәсімін жасады.

фото

Мәртебелі қонақтар жастарға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ел мен жұрттың тек алғыстарын алуын, өмір жолында аспандары ашық болуын тіледі.

Ал, шаңырақ көтеріп жатқан Айдос Амандықтың айтуынша, Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ күні» жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар.

«Бүгін некемізді киелі сахнада Шаңырақ күнінде қиып жатырмыз. Біз театрда табысқан 16-шы жұппыз. Бұл біз үшін екі есе бақыт. Алдымызда үйленген аға-әпкелеріміз қазір үбірлі-шүбірлі, берекесі мен бірлігі жарасқан жарасымды отбасыға айналып отыр. Алдағы уақытта да осы игі дәстүр жалғасады деп ойлаймыз», деді ол.