Былтыр Францияға 100 миллионнан астам турист келген.
Бұл мәлімет Парижде ашылған халықаралық туристік көрмеде жарияланды. Жалпы жаһандық туризм нарығы кейінгі жылдары пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды. Әлем бойынша туристерді қай бағыт қызықтырады? Ал қазақстандық саяхатшылар үшін қандай тиімді ұсыныстар жасалуы мүмкін?
Франция астанасында ашылған Туризм көрмесі бірнеше күнде 100 мыңнан астам мейман қабылдауды жоспарлап отыр. Сала компаниялары демалуға қолайлы аймақтан бастап, көрсетілетін тур қызметінің түр-түрін ұсынып отыр. Статистикаға сүйенсек, саяхатшылардың дені үйреншікті бағыттарды таңдауға бейім. Сұраныстағы өңірлердің үштігін Франция, Испания және АҚШ бастап тұр.
Натали Делаттр, Франция туризм министрі:
- Елімізге саяхаттаушы туристердің қарасы қалың. Былтырғы Олимпиада ойындарынан кейін саяхатшылар саябырсыған емес. Нотр-Дам ғимараты күрделі жөндеуден өтіп қайта пайдалануға берілгелі оны тамашалаушылар саны артты. Бұл көрсеткіш арқылы біз саяхатшылардың қалың ағынын қабылдай отырып, қауіпсіздікті де қамтамасыз ете алатынымызды дәлелдедік.
Көрмеде туристер арасында Азия елдеріне қызығушылық жоғары екені байқалады. Бұған статистикалық көрсеткіштер дәлел. Былтыр аймаққа саяхаттап келушілердің саны 33%-ға өскен. Ал қазақстандықтар үшін Мароккоға сапарлау қолайлы болып тұр. Бірер күннен соң Африкадағы құрлықпен визасыз режим келісімі күшіне енеді. Сондай-ақ қос елдің мәдениеті мен салт-дәстүріндегі ұқсастық қарым-қатынасты арттырады деген сенім бар.
Ласен Агужиль, «Terres Nomades» туристік агенттігінің өкілі:
- Визасыз режим қазақстандықтардың Мароккоға, олардың біздің елімізге емін-еркін кіріп шығуына мүмкіндік береді. Бұл шетелге саяхаттау үшін тиімді. Біздің халық өте қонақжай, бірнеше ұлт пен ұлыс ынтымақты, бейбіт өмір сүріп жатыр.
Мамандар жаһандағы геосаяси шиеленіс пен экономикалық тұрақсыздық салдарынан туризм тұралап қала ма деп қауіптенеді. Бірақ осыған қарамастан әлемде туристер саны биыл 3-тен 5%-ға, яғни 42-ден 72 млн-ға дейін өседі деген болжам бар.
Әсия Нұрлыбаева, Алия Сыздыкова