Жасы жүзге таяған ақтаулық ардагер Ольга Заривняк тігіншілік мен тоқыма кәсібінен әлі қол үзген жоқ.
Жақындарын да осы өнерге баулып жүр. Маңғыстаудағы жалғыз майдангер әлі тың, қимыл-қозғалысы ширақ. Қолынан инесін тастамай, сүйікті ісімен айналысады. Кейуана жиен-немерелерінің көмегімен сәнді орамал тоқып, әйелдердің киімін тігеді.
Ольга Заривняк былтыр ауқымды іс бастап, бар ынтасын соған аударды. 98 жастағы әжей суретші Иван Шишкиннің «Қарағай орманындағы таң» картинасын ақ матаның бетіне бейнелемек. Қарттығына қарамастан кейуана көзілдірік те тақпайды.
- Это Ромео и Джульета. Они красивые оба. Вышила ещё в 59 или в 60 году...
Қарияны тігіншілікке анасы баулыған. Туған жері Белорусь елінде қалған жақындарын сағынғанда кесте тігіп, тоқыма тоқиды. Көрпе-жастықтың бетіне дала гүлдерін бейнелейді. Соғыс басталғанда 13-те болыпты. Әскерге жасы жетпегендіктен, қайсар қыз амалын тауып, Брест облысы Клещели қаласында шоғырланған партизан жасағына байланысшы ретінде қосылады. Ол армия штабына маңызды ақпарат жіберумен қатар жаралы жауынгерлерге медициналық көмек көрсеткен.
Ольга Заривняк, соғыс ардагері:
- Үстіне лас көйлек киген бет-аузы кір-қожалақ кішкентай қызға жау назар аудармайтын. Маған соның үлкен пайдасы тиді. Партизандар қандай қиын тапсырма берсе де, бұлжытпай орындап жүрдім. Көшеде көрген-білгенімді жасырын пәтерге келген байланысшыға айтып, техника, әскер тұрған жерлерді картаға түсіріп беретінмін.
Соғыстан кейін Ольга Заривняк саналы ғұмырын тоқыма ісіне арнады. Қолынан өнер тамған ісмер әлі күнге дейін киім-кешекке тапсырыс қабылдайды. Сәнді орамал тоқып, жақындарына сыйға тартқанды ұнатады екен. «Өз қолыңмен жасалған бұйым, мен үшін ең қымбат сыйлық», дейді майдангер.
Ирина Янкина, ардагердің немересі:
- Үй шаруасын да өзі атқарады. Таңда оянған соң құдайға сыйынып, жақсы тілек тілеу қажеттігін үнемі айтып отырады. Күнделікті ұйқыдан тұрғанда және ұйықтар алдында міндетті түрде дене жаттығуын жасайды. Ас-сусынның мейлінше табиғи әрі құнарлы болуына мән береді.
98 жастағы қария кітап оқығанды жақсы көреді. Соңғы жылдары жетпістен астам әдеби оқулықпен танысыпты. Соның бірі «Абай жолы» романы. Мұхтар Әуезовтің шығармасында әсем суреттелген қазақ халқының тұрмысы, бай мәдениеті әжейді таңқалдырған. Ол өз ойын немерелерімен бөлісіп, қазақтың батырлары туралы аңыз әңгімелерді айтып берген.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев