Ұлық наурыз мерекесі – ынтымақ пен бірліктің, татулық пен ауызбіршіліктің рәмізі іспетті. Ал наурызнаманың алғашқы күніндегі амал мерекесінің орны бөлек, тағлымы зор. Баба танымына жалғасқан бүгінгі қазақ бейнесі көңіл қуантарлық.
Елордадағы Президенттік орталықта «Наурыз.Таным.Тарих» атты интерактивті экскурсиялар апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
– Наурыз мейрамының бастауы болып саналатын Көрісу күні қыстан аман-есен шыққан ел бір-бірімен көрісіп, аман-саулық сұрасып, игі тілектер айтқан. Бірегей мерекеге орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен наурызнама онкүндігі қолға алынды. Наурызнаманың әр күнінің өз атауы мен маңызы бар. Президенттік орталықтың наурызнама аясында ұйымдастырып отырған апталығы барысында келушілер тақырыптық экскурсияларға қатысып, қазақтың дәстүрімен танысып, тамашалай алады, – деді орталық директоры Бақытжан Темірболат.
Көрісу күні – бірліктің, ізгі тілектер мен сыйластықтың белгісі, сондықтан іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтті. Іс-шарада Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония өнерпазы Диана Май «Әриайдай» әнін орындаса, Мәдениет қайраткері Нұржамал Шырынбаева «Қазағым» әнін шырқап, көрерменге көктемгі көңіл күй сыйлады. Сонымен бірге «Жастар» театрының әртістері, Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінің дарынды оқушылары сахналық көрініс қойып, Амал мерекесінің маңызын ұқтырды.
Концерттік іс-шарадан соң келушілер қазақтың дәстүрлі киімдері және музыкалық аспаптарымен танысып, «Бір жәдігердің тарихы» жобасын тамашалады.
– Көрмеміздегі тайқазанның мәніне тоқталсам, бізде Наурыз мейрамы 1926 жылдан 1988 жылға дейін тойланбаған. Осы тайқазанның елімізге оралуы наурыздың қайта тойлануына ықпал етті деуге болады. Тайқазан жеті түрлі бағалы заттардың қосындысынан жасалған. Мұның бір ерекшелігі, Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері тайқазанның ішіне су құйып, сүре оқып, сол судың адамдарды емдейтін қасиеті бар деп сенген. Әрбір жылы Амал мерекесі барысында еліміздің ең мықты батырлары осы тайқазанды көтеріп жарысқан екен,– деді орталықтың экскурсия жұмысы қызметінің сарапшысы Асқар Несіпбай.
Сондай-ақ іс-шарада көптеген мәдени жәдігер көрсетіліп, Амал мерекесінің қадір-қасиеті айқындала түсті.