Ақтөбе облысында жалғыз майдангер қалды

Қосшы

Ақтөбе облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жалғыз ардагер қалды.

Ақсақал биыл 101 жасқа толды. Хромтау қаласының тұрғыны Василий Грецкий «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері. Украина мен Беларусьтен бастап, Еуропаның жартысын Гитлер басқыншыларынан азат етуге үлес қосқан ардагермен арнамыздың тілшілері жүздесіп қайтты.

Белорусь жерінде дүниеге келіп, кейін Қазақстанға жер аударылған қария 18 жасында қан майданға аттанған. «Багратион» операциясына қатысып, миллиондаған сарбазбен бірге туған елін азат етті. Батыс Буг өзенінде болған кескілескен шайқастың куәгері.

Василий Грецкий, соғыс ардагері:

- Мен атты әскер қатарында болдым. Богдан Хмельницкий ордені атындағы бірінші кавалериялық корпустың екінші дивизиясы. Беларусь, Польша, Чехословакия, Венгрия жерлерін фашист басқыншылардан азат еттік. Жеңіске жететінімізге кәміл сенгендіктен қан майданда аман қалдым деп ойлаймын.

Василий Грецкийдің отбасы репрессия құрбаны. Әкесіне жала жауып, сібірге айдап, анасы мен балаларды Қазақстанға жер аударған. Бала күнінен еңбекке ерте араласқан ардагер 12 жасында әріп таниды. Кәмелетке толған бетте соғысқа аттанды. Қан майданды көрген қария соғысты еске алмауға тырысады. Тіпті естелік суреттерді де сақтамаған.

Василий Грецкий, соғыс ардагері:

- Мен өскелең ұрпаққа бейбіт күнді бағалаңдар дегім келеді. Сұм соғыс қайталанбасын. Немере-шөберелеріміз ашық аспан астында өмір сүргенін қалаймын. Бейбітшілік орнауы үшін достық деген қасиетті ұғымды да бағалай білуіміз керек. Отанды сүю керек.

Ғасырды еңсерген ақсақал туған күнін жылына үш рет атап өтеді. Анасы сәуір айында, Пасха мерекесі қарсаңында дүниеге келгенін айтыпты. Алайда туу туралы куәлігінде 1924 жылдың 1 қаңтары деп жазылған. Жұбайымен бірге тәрбиелеп өсірген 3 бала, 6 немере, 10 шөбересі болса атайдың туған күні деп 9 мамыр – Жеңіс күні құттықтауды дәстүр еткен.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов