Дәннің 90 пайызы астық дақылдарына тиесілі.
Жалпы көктемгі егіс науқанында 15 мыңнан астам техника жұмылдырылады. Қазір шаруалар техникаларын майлап, тұқымдарын қамдауға кірісті.
Өркен ауылының шаруалары егіс науқанына дайындықты аяқтап қалған. Қазір тұқым тазалап жатыр. Техникаларды күнделікті тексеріп тұрады. Биыл серіктестік 23 мың гектарға дән сіңіруді көздейді. Күн райы қолайлы болса, науқанды жылдағыдан ерте бастауға ниетті.
Талғат Ысқақов, агроном:
- Біз биылғы егіс науқанына дайындықты күзде бастағанбыз. Өнімді толық жинап алғаннан кейін алқаптарға химиялық өңдеу жүргіздік. Тұқым қорын дайындадық. Қыс бойы қар тоқтату жұмыстарын жасадық.
Шаруа қожалығының егіс алқабы толық цифрландырылған. Бұл шығынды азайтып, мол өнім жинауға кепіл, дейді агрономдар. Мысалы, былтыр шаруашылықтағы егіннің орташа өнімділігі гектарынан 20 центнерден асты.
Талғат Ысқақов, агроном:
- Бұл өте тиімді жүйе. Себебі барлық ақпаратты есте сақтау қиын ғой. Бұрын арнайы журнал ашып, соған жазып отыратынбыз. Қазір осы жүйеге енгіземіз. Тіпті, осы бағдарлама арқылы біз өсімдіктің өсу процесін бақылауға болады. Бұл өнім шығынын арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірде ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары биыл да жалғасады. Әсіресе майлы дақылдарға баса көңіл бөлінеді.
Нұрбек Бадырақов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Биылғы жылы майлы дақылдардың көлемі 20 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 389 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілетін болады. Және картоп дақылдарының да егіс көлемі ұлғайып, 8900 гектар алқапқа картоп егіледі. Керісінше бидай дақылдарының көлемі әртараптандыруға сәйкес 81 мың гектарға азайып отыр. Жалпы көлемі 3 млн 900 мың гектар жерге бидай дақылдары егілетін болады.
Ақмолалық диқандар биыл астықтың өнімділігін арттыруды көздейді. Осы бағытта 540 мың тонна тұқым дайындалды. Сонымен қатар жыл басынан бері 200-ге жуық шаруа «Кең дала» бағдарламасы бойынша арзан несие алды. Қаржыландыру сомасы 50 миллиард теңгеден асады. Осылайша шаруалар кәсібін ширатып, мол өнім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал көктемгі егіс науқанының нақты басталатыны мерзімі әзірге белгісіз. Диқандар сәуірдің ортасында ылғал жабу жұмыстарына кіріседі.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко