Ақ кимешек пен ақ орамал керуені: Ақтөбеде әжелер мен келіндер көшелермен жүріп өтті

Қосшы

Олар ұлттық құндылықтарды дәріптеді.

Ақтөбе өңірінде жалпыұлттық Наурызнаманың онкүндігі аясында бірқатар шара ұйымдастырылуда. Облыс орталығында 14 наурыз – Көрісу күніне орай, "Амал келді – жыл келді" атты мерекелік бағдарлама өтті, деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шараның ерекшелігі – ақ кимешек киген 100 әже және ақ орамалды 100 келін Ақтөбе көшелерімен жүріп өтіп, тұрғындарды таңғалдырды.

Мерекелік бағдарлама қазақ мәдениетінде айырықша орын алатын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан маңызды дәстүр "Бастаңғы" көрінісімен басталды. Әрі қарай көш керуенімен ұласты. Тарихымыз бен мәдениетіміз сән-салтанат құрған көш-керуенді "Қазақ аналары – дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе облыстық филиалының аналары, Алматы ауданының аналар кеңесі, аналар алқасы, Алматы аудандық ақсақалдар алқасы бастады.

Ақ жаулықты әжелер алаңда жиналған жұртпен амандасып, Көрісу дәстүрін көрсетті, келіндер үлкендерге сәлем етті.

Ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген шара соңында ақтөбеліктер жайылған дастарқаннан, Наурыз көжеден дәм татты. Одан бөлек, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстарға қатысыр, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.