Гендерлік теңдік мәселесі талқыланды

Қосшы

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінің бас ғимаратында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Тарасенко Елена Ивановна «Гендерлік стереотиптердің қоғамға әсері» тақырыбында дәріс өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Маңызды тақырыпқа арналған жиынға «Егемен Қазақстан» және «Казахстанкая правда» басылымдарының ұжымы қатысты.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге әркез мүдделі. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық ететін комиссия қоғамның әр сатысында әйелдердің үнін биік мінберге жеткізу бағытында қызмет атқарып келеді.

Оның ішінде нәзік жандылардың лауазымдық қызметтегі үлесін арттыру, қоғамдағы беделін биіктету, еңбек нарығындағы пайыздық үлесін жоғарылату, ер мен әйел жалақысының тең деңгейде есептелуіне мұрындық болу сынды маңызды мәселелер бар.

пп

Тарасенко Елена Ивановна бүгінгі жиында еліміздегі ер мен әйел құқығы Конституциямен теңестірілгеніне назар аударып, бұл тақырыптағы теңдік отбасынан басталатынын атап өтті.

«Ер мен әйел теңдігі отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Мемлекеттің осы бір маңызды институтында теңдік терең түсіндірілсе қоғамда келеңсіз түсініктер қалыптаспайды. Тиісінше осындай отбасыларда өсіп-өнген балалар гендерлік стереотиптерді жоюға ат салысады. Комиссия мақсаты да осы тұстан бастау алып, мемлекеттік деңгейге ұласады. Осындай нәтижелі қадамдар арқылы шешуші қызметтер мен мемлекеттік органдарда әйелдердің саны артып келеді. Мәселен 2004 жылдары әйел депутаттардың парламенттегі үлесі 10 пайыз болса, 2019 жылы 20 пайызға жеткен. 2020 жылы бұл көрсеткіш 28 пайызды құрады», деді Елена Ивановна.

Кеңестік кезеңде 200-ге жуық мамандықта әйелдердің еңбек етуіне тыйым салынғаны белгілі. Бүгінде елімізде мұндай шектеулердің табы қалмаған. Мұның өзі Қазақстанда гендерлік саясаттың дамуына ерекше ден қойылып жатқанын аңғартады.