Алматыда актёр, продюсер Дастан Қалдыбаевтың жаңа кинокомедиясының жабық көрсетілімі өтті.
Қазір қоғамда өкінішке қарай, жасы қырыққа келіп қалса да тұрмыс құрып, үйленуге асықпайтын қыз-жігіттер көп. Жаңа комедиялық фильмнің желісі осы тақырып аясында өрбиді. Картинаның жабық көрсетілімі Алматыдағы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтті.
Фильмнің басты кейіпкері Салтанат. Жасы 38-де. Мамандығы мұғалім. Университетте сабақ береді. Оқу бітірген соң мансап қуамын деп уақытында тұрмысқа шықпай қалады. Туған күнінде анасы: Бұлай жүре бермей балалы бол, деп ақыл айтады. Ал таныстары ЭКО көмегіне жүгін деп кеңес береді. Сөйтіп жүргенде ол студент қызы бар бір азаматты кездестіреді.
Фильмнің бас продюсері Дастан Қалдыбаевтың айтуынша, оң жақта отырып қалған қыздардың тұрмысқа шықпай қалуы оның отбасы үшін де, қоғам үшін де үлкен мәселе.
Дастан Қалдыбаев, фильмнің бас продюсері:
- Бұл фильмде өзінің аты айтып тұрғандай «Онда біреуден туып ал». Ол сөздің мағынасы көпшілікке белгілі. Некесіз тууға шақырмаймыз. Бұл фильмді көрген кезде көрермен ол түсінеді. Біз тәрбиелік мән жағынан сондай бір бағыт-бағдар беруге тырысамыз.
Картинаға Тәуекел Мүсілім, Күннұр Қалмырза және Мағауия Қозбағаров түскен. Ал басты рольді Жұлдыз Әбдікәрімова ойнайды.
Жұлдыз Әбдікәрімова, театр және кино актрисасы:
- Ал менің кейіпкеріме тоқталатын болсам ол қыз іскер, жан-жақты, білімді, ақылды. Пікірталастар болып жатыр атына байланысты. Расымен де ондай сөздер айтылады. Айтылмайды емес. Аты сондай болғанымен мағынасы терең.
Фильм комедиялық жанрда түсірілгенімен онда драма да көрініс табады. Көрерменін күлдіре отырып, ой тастайды. Картина 6 наурыздан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында көрстіледі.
Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев