0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
2026 жылдың 1 сәуірінен бастап қазақстандық банктерге жаңа талап енгізіледі. Бұдан былай олардың жеке тұлғаларды несиелеуі үшін салалық контрциклді капитал буфері керек. Бұл банктер үшін тәуекелден қорғанудың бір түрі болмақ. Оның мөлшері 2 пайыз болып бекітілді. Осы және басқа да маңызды мәселелер бүгін Ұлттық банк ұйымдастырған сараптамалық-талдау клубының үшінші отырысында айтылды.
Ұлттық банк ұйытқы болған бүгінгі басқосуға сала мамандары, кәсіпкерлер мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты. Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңашылдық банк секторының ықтимал тәуекелдерге төтеп беру қабілетін күшейтіп, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр.
Рүстем Оразалин, ҚР Ұлттық банкі ақша-кредит саясаты департаментінің директоры:
Тек қана классикалық дәстүрлі ақша кредиті саясаты және пайыздық мөлшерлемені өзгерту арқылы ғана емес, қосымша құралдарымыз арқылы. Оның ішінде Үкіметпен бірлесетін шаралар бар. Оның ішінде Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесе атқарылатын шаралар бар. Қаржы нарығын реттеушілермен бірлесе отырып әзірленген шаралар.
Осылайша, банктер үшін буфер мөлшері 2 пайыз болып бекітілді. Бұл өзіндік «қор» есебінде жүреді. Оны қаржы ұйымдары тұтынушылық несиелеу тым тез өсетін кезде, тәуекелдерден қорғану үшін жинауға тиіс. Мұндай резервті банктер келесі жылдың 1 сәуірінен бастап жинақтай бастайды.
Олжас Күбенбаев, ҚР Ұлттық банкі қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры:
Ол банктердің қарқынды өсу кезеңінде, яғни, олардың табысы артып, портфельдерінің өсуі байқалған кезде қауіпсіздік үшін жинақтауға бағытталған. Мұны кейін бәрі керісінше болған жағдайда пайдалануға болады.
Ұлттық банктің талдауы бойынша, ең төменгі резервтік талаптар Қазақстанда екен. Сондықтан, нарықпен талқылаудан кейін оны көбейту жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер несие беру мөлшерлемесіне әсер етпейді, — дейді мамандар.
Қуан Нұрақын