Ұлттық құрылтайда елдік мәселелер көтеріліп жатыр

Қосшы

Бүгін төртінші Құрылтайдың секциялық отырыстары басталды, деп хабарлайды 24KZ. Азаматтық қоғам, мәдениет, руханият және өнер бағыттарында қалыптасқан түйткілдер бойынша ел ағалары, қоғамдастық өкілдері мен депутаттар ұсыныстарын ортаға салды. Биыл елдің идеологиялық бас жиыны Киелі Көкше өлкесі, Бурабай баурайында өтіп жатыр. Кезінде қазақтың Абылай ханы ордасын тіккен мекенде елдік мәселелердің талқылануы тарихи маңызға ие. Халықтың мұң-мұқтажы сол замандарда бүкпесіз ашық талқыға салынатын. Қазір де осы дәстүр жолға қойылып отыр.

Көкше өлкесі, көкпен көмкерілген Бурабай. Құрылтайдың алғашқы секциялық жұмысына жиналған жүздеген делегаттың да мүддесі сол – елдің өмірін көгерту. Мәселен, Атыраудағы жиында президент атап көрсеткен мәселелер бойынша былтырдың өзінде 10 заңға бастамашылық жасап 9-ы қабылданды.

Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға түзетулер енгізіліп, Қылмыстық кодекске кіргізілгеннен кейін келеңсіз тенденция бәсеңдеуі тиіс. Бірақ бұл оң бастамалардың «бісмілләсі». Соңғы 2-3 жылда түрмедегі әйелдер түйткілі өзекті. Олардың бостандығын шектейтін мекемелердің жағдайы сын көтермейді. «Амнистия ғана емес, заңға өзгеріс керек», – дейді азаматтық қоғам секциясына қатысқан заңгер Айман Омарова.

Айман Омарова, заңгер, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- 6 мекеме бар екен бізде. Соның ішінде біреуі ғана балалар үйі. 6 мекеменің екеуі 1937 жылы орнатылған. 62,5%-і – ВИЧ жұқтырғандар. Оның 25%-і онкология. Жауғаштыда, мысалы, 100 адам артық отыр. Түрмелер толып жатыр.

Мәдениет, руханият және өнер секциясы отырысында талқыланған мәселелердің бірі – Қожа Ахмед Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайы болды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Біздің рухани фундаментіміз Қожа Ахмет Ясауиден басталады. Сондықтан Президентіміз Түркістандадағы құрылтайда арнай тапсырма берген. Соның аясында Түркістанның статусы туралы заң қабылданды. Тек кесенені қорғау емес, бабамыздың рухани мұрасын дәріптеу, зерттеп, зерделеу мәселесі де арнайы нормамен бекітілді.

Осы бағытта парламент депутаттары тарихи археологиялық құндылықтарды сақтау, қазба жұмыстарындағы жөнсіздіктерге де алаңдаушылық білдірді. Бастама бар.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Археологиялық құнды, ұлттық мұрамыз болып табылатын дүниелерді кез келген адам келіп қазып, оны шетелге де алып кетіп, оның ешқандай бақылауы да жоқ. Кадастры да жоқ, басқасы да жоқ. Сол туралы депутаттар өзі бастамашы болып, біздің тарихшылармен, археологтармен отырып келісіп, осындай заң жобасын ұсынып отырмыз.

Қазақ тіліндегі балалар әдебиеті мен заманауи көркем туындылар – өскелең ұрпақ тәрбиесіне сұранып тұрған құндылықтар. Қазір ол жолға қойылды, тек кітап басатындарға салықтың салмағы қолбайлау болуы мүмкін.

Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Мен сол баспагерлердің, әсіресе мына балалардың әдебиетін немесе көркем әдебиет шығарып жатқан азаматтардың, баспагерлердің салық мәселесіне, салықтың өзгермеуіне қатысты ұсынысты жеткіздім, өйткені біз жылдар бойы үміттеніп келдік. Біздің қазір балаларымызға енді сол кітаптар жетіп жатыр. Ал егер ол кітап қайтадан үзілетін болса, ол жалпы, мен ойлаймын, тәрбиеге де, біздің ұлттық құндылықтарды насихаттауға да кері әсері болады.

Ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік қызметшілердің имиджі, дәстүрлі дін, отбасы құндылықтарын насихаттау, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін тілді цифрландыру тағысын тағы ұсыныстар сөз жүзінде қалмайды. Бұған дейін нақты жұмыстар жасалды және ол жағасалды.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық құрылтай хатшысы:

- Барлығы жүзден астам құрылтай мүшелері қатысты. Түске дейін азаматтық қоғам, мәдениет өнер руханият тақырыптарында екі секция жұмысын жасады. Нәтижесінде 120дан аса ұсыныс келіп түсті. Ол ұсыныстар қызу талқыланып, тиісті ой-пікірлер айтылды. Барлық ұсыныстар құрылтай хатшылығы арқылы мұқият зерделеніп қаралады.

Риззат Тасым, саясаттанушы:

- Осының барлығы негізі түптеп келгенде Құрылтайдың көздеген мақсаттарының бірі секілді. Азаматтық белсенділікке қатысу, оның ар жағында стратегиялық мақсат жатыр, жария саясатқа көшу.

Құрылтайдың секциялық отырыстары өзекті мәселелерді көтеріп, тез арада оны саралап, бағалап шешім іздейтін өндірістік конвейерге ұқсайды. Мәселен, бір ғана азаматтық қоғам секциясында 1 ақпанда 45 ұсыныс түссе, қазір соның 38-і бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал бүгін екі секция отырысынан 120 ұсыныс түскені айтылды. Әлеуметтік-экономикалық даму және білім беру бағыттарында да қат-қабат мәселелер бар екенін ескерсек, құзырлы мекемелерге демалыссыз жұмыс істеуге тура келетін сияқты.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Марат Диқанбаев, Ержан Қанапияұлы