«Болашақ» бағдарламасы: шәкіртақы тағайындау талабы өзгерді

Қосшы

«Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжат қабылдау басталды.

Шетелдік жоғары оқу орындарында білімін шыңдап, біліктілігін арттырғысы келетін азаматтар шәкіртақыға 17 қазанға дейін құжат тапсыра алады. Бүгінде бағдарлама аясында мыңға жуық отандасымыз тәлім алуда. Жобада биыл қандай өзгеріс бар? Құжат тапсырарда нені ескеру керек? Әріптесім Назым Қайраттан білейік. Кеш жарық, Назым. Білуімше, осы бағдарлама арқылы өзіңіз де өткен жылы тағылымдамадан өттіңіз. Солай ғой?

- Былтыр «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Нью-Йорк Фильм Академиясында оқыған болатынмын. Қазір сол алған білімімді тәжірибе жүзінде қолданып келемін. Ал жалпы осы уақытқа дейін 13 мыңға жуық азамат әлемнің алпауыт оқу орындарында білімін арттыруға мүмкіндік алды. Енді биыл «Болашақ» бойынша отандастарымызға 645 шәкіртақы ұсынылып отыр. Оның 411-і магистратура, 41-і докторантура және резидентура бағдарламасы бойынша, ал 193 шәкіртақы тағылымдама бойынша беріледі. Бұдан бөлек, тағы 250 шәкіртақы ғылыми тағылымдама аясында бөлініп отыр.

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешіміне сәйкес, «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту үшін қызметкерлердің 7 санаты бекітілді. Бұған:

1. инженерлік-техникалық қызметкерлер, агроөнеркәсіптік кешен саласының қызметкерлері, жасанды интеллект бойынша мамандар;

2. мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері;

3. медицина қызметкерлері;

4. мемлекеттік қызметшілер;

5. бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері;

6. мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері;

7. судья және сот қызметкерлері

жатады. Шәкіртақы тағайындауда инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға басымдық беріледі.

Сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері негізінде биыл ғылыми тағылымдамадан өтуде «Атом электр станциясын пайдалану», «Аэроғарыштық инженерия», «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандықтары да баса назарға алынады. «Болашақ» халықаралық бағдарламасына тапсыратын құжаттар тізімінде де біршама өзгеріс енгізілген.

«Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау басталды

Арман Ашкин, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

«Конкурстық іріктеуге біздер сұрыптау механизмін енгіздік. Бұл нені білдіреді? Үміткерлер бірінші кезеңде кешенді тестілеуден өтеді. Осы кешенді тестілеуден жеткіліксіз балл жинаған үміткерлер екінші кезеңге өткізілмейді. Дәл солай 2-кезеңде тәуелсіз сарапшылармен әңгімелесу, интервью өткізіледі. Осы интервью қорытындысы бойынша жеткіліксіз балл жинаған үміткерлер оларды 3-кезең республикалық комиссияның отырысына олардың құжаттары шығарылмайды. Бұл бірінші өзгеріс. Екінші өзгеріс – әр үміткер осы құжаттарын өткізген кезде мотивациялық хатты тапсыру керек болады».

Онда тапсырған мамандығын, жоғары оқу орнын не себепті таңдағанын және елге келген соң білімін қолданысқа қалай енгізетінін жазуы тиіс. Алайда, шетелдік жоғары оқу орындарынан өз бетімен шақырту алған азаматтардан енді тілдік сертификат талап етілмейді.

«Болашақ» бағдарламасы: кей санаттарға бір жылдық тілдік курс ұсынылады

Арман Ашкин, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

«Бұдан басқа бізде тағы да инженерлік техникалық, медициналық қызметкерлер, ауылдық жерлерден үміткерлер және де биылғы жылы қосылған үкіметтік қызметшілер бойынша санат бекітілген болатын. Осы санаттарға біздер Қазақстанда 9 айлық тілдік курс ұсынамыз және де шетелде 3 айлық тілдік курс ұсынылатын болады. Осы айтып өткен санаттарға біз әрине, тілдік талап қоямыз. Бұл дегеніміз айлтс, тоефл және де дуолинго сертификатын көрсетуі керек бізге».

Енгізілген өзгеріске сәйкес, биылдан бастап бағдарлама түлектері енді дипломдық жұмыстары мен ғылыми зерттеулерін Ұлттық мемлекеттік ғылыми техникалық сараптама орталығына тапсыруы тиіс. Бұл арқылы үміткердің ел экономикасына тигізер пайдасы, ғылыми жұмыс нәтижесі сараланбақ.

Талап Жақыпов, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы шәкіртақысының иегері:

«Мен былтыр апрель айында Нью-Йорк қаласына келдім, Нью-Йорк Фильм Академияда бір жылдық тағылымдама өтуге. Қазір менің соңғы семестрім жүріп жатыр. Дипломдық жұмысымды жасап жатырмын. Сабақ маған қатты ұнап жатыр. Теория мен практика қатар жүріп жатыр. «Мен күткеннен де 2-3 есе артық беріп жатқан білімдері. Осы берген мүмкіндікке мен өте-өте ризамын. Енді осы алған теориялық білімімді іске асырсам деген арманым бар».

Бағдарлама шәкіртақысына өтінім беру Егов.кз сайты арқылы жүргізіледі. Ал «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша өтінім «Халықаралық бағдарламалар орталығы» кеңсесінде қабылданады.

«Болашақ» бағдарламасының шәкіртақысы бакалавриат дәрежесіне қашан беріледі?

- Былтыр «Болашақ» бағдарламасы енді бакалавриат дәрежесіне де беріледі деген ақпар шыққан еді. Бұл қашан жүзеге асады?

Бакалавриат дәрежесіне шәкіртақы бөлінетіні жайлы расында да биыл заң қабылданды. Алайда қазір жауапты министрлік және халықаралық бағдарламалар қоры тарапынан осы заңнамаға сәйкес өзгеріс енгізіліп жатыр. Сондықтан бұл бойынша, құжат тапсыру қашан басталатыны әзірге белгісіз. Бірақ бакалавриат бойынша «Болашақ» бағдарламасының шәкіртақысы халықаралық олимпиада иегерлеріне беріледі деп күтіліп отыр.