Канаданың Квебек қаласында аяқталған хоккей турниріне 16 елден 120 үздік команда қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Астаналық жас хоккейшілер командасы алғаш рет Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament халықаралық турниріне қатысып, AA-Elites (11–12 жас) санатында күміс жүлдегер атанып отыр.
«Біз осы беделді турнир тарихына енгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл – біз үшін алғашқы тәжірибе және өз командамызбен мақтанамыз. Ең есте қалған сәт – финалдық ойын, оны 12 мың көрермен тамашалады», деді команданың бас бапкері Владимир Захаров.
Елорда әкімдігінің ресми сайты аталған турнирге қала әкімдігіне қарасты №10 балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысқанын айтады.
Аталған халықаралық турнир 1960 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және 12 жасқа дейінгі хоккейшілер арасындағы әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі саналады.