Алматыда психикасында ауытқуы бар науқастарды ауруханадан ұрлап, кейбірін өлтіріп, үйін тартып алумен айналысты деген 22 адамға үкім кесілді. Қылмыстық топ құрамында психиатр дәрігерлер, нотариус, риелтор, полицейлер, тіпті сот-медициналық сарапшылар да бар. Олардың алды бүгін 18 жылға сотталды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бүгін жантүршігерлік қылмысқа нүкте қойды. Психикасында ауытқуы бар науқастар мен жалғызбасты зейнеткерлерді құрбан ретінде таңдап алып келгендерді сот та аямады.
Қылмысқа қатысы бар психиатр дәрігерлерден бастап, нотариус, риелтор, полицейлер мен сот-медициналық сарапшылар түгел сотталды, жалпы саны 22 адамға үкім оқылды. Телеарна хабарлауынша, қылмысқа Алматы психикалық денсаулық орталығының қатысы бар. Себебі сотталушылар осындағы жылжымайтын мүлкі бар жалғызбасты науқастарды көздеген. Ал оларды табуға осы орталықтың дәрігерлері көмектескен. Ақыл-есі кем жандардың үйін тартып алуға ат салысқан үш психиатрға да жазаға тартылған. Орталықтың бір меңгерушісі 6 жылға, тағы бірі 10 жарым жылға қамалды. Алматы облыстық психиатрия диспансерінің бұрынғы дәрігері де жазасын алды.
"Ешмұратова Ғазиза Мұратқызы кінәлі деп танылсын. Ол үш жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазаны орта қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтесін. Жазаны өтеу мерзіміне Ешмұратованың осыған дейін уақытша ұстау изоляторында отырған уақыты есептелсін", — дейді судья Ерлан Болатов.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушылары дәрігерлердің көмегімен жалғызбасты науқастарды анықтаған соң, мүлкін иемденген. Бұл үшін оларды ауруханадан ұрлап тұтқында ұстаған. Кейін пәтерлерін заңсыз түрде өз атына аударады. Кейінірек жалғызбасты зейнеткер мен науқастардың үйін арзан бағаға сатып отырыпты. Арам пиғылын жүзеге асырған соң екі адамды өлтіруге дейін барған. Қылмыстық топ Алматыда 2017 мен 2023 жылдар аралығында әрекет еткен. Олардың әрекетінен 27 адам, сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігі зардап шегіпті. Яғни қылмыстық топ мемлекет меншігіндегі мүлікті де иемденген. Ал оны құрғандардың бірі — 65 жастағы Ирина Гапарова есімді қарапайым зейнеткер. Ол бүгін ең ауыр жазаны арқалады.
"Гаппарова Ирина Юсуповна кінәлі деп танылсын. Оған 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны ретінде орта қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі белгіленсін", — дейді судья.
Қылмыстық топтың тағы бір жетекшісі Өзбекстан азаматы болып шықты. Ол 17 жылға сотталды. Айыпталушылар қатарында 40 жылдық еңбек өтілі бар сот-медициналық сарапшысы да бар. Ол 4 жылға, ал үш нотаруис 6-7 жылдан жаза арқалады. Мұнымен істің нүктесі түбегейлі қойылған жоқ. Себебі екі адамды өлтіру, сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілер қатарында мемлекеттік мұрағат қызметкерлері де бар.
Дереккөз: КТК телеарнасы