Ұлттық құрылтай ұлттық диалог алаңына айналды

Қосшы

Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы құрылған Ұлттық құрылтай қоғамды біріктіріп, бірлікті нығайтатын маңызды алаңға айналды. Құрылтай дәстүрінің қайта жаңғыруы халықтың ерік-жігерін бір арнада топтастырып, мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселелерді шешуді көздейді, деп жазады Egemen.kz.

Құрылтайдың жыл сайынғы жиынына Президент Қ.К. Тоқаев тікелей төрағалық етеді. Мемлекет басшысы құрылтайдың бірлік пен ұлттық құндылықтарды нығайтудағы рөлін ерекше атап өтеді.

Құрылтайдың қызметі

Ұлттық құрылтай Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде елдегі қоғамдық консолидацияны одан әрі нығайтуды көздейтін ұсыныстар мен стратегияларды әзірлеуде шешуші рөл атқарады. Ұлттық құрылтай өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

Ұлттық Құрылтай қоғамдық консолидацияны одан әрі дамыту үшін идеялар мен қадамдарды тұжырымдауды мақсат етеді.

Ұлттық құрылтай ел тұрғындарының кең ауқымды пікірі мен көзқарасы тоғысатын негізгі ұлттық диалог алаңына айналды. Бұл Президенттің жоспарына сәйкес мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, Қазақстанның даму жолында нәтижелі де өзара тиімді ынтымақтастыққа септігін тигізеді.

Ұлттық құрылтайдың құрылымы

Ұлттық құрылтай құрамына әр өңірден, әртүрлі саладан жиналғандар енген. Онда ғылым, білім, медицина, мәдениет, спорт саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері, еңбек және құқық қорғау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ қоғам белсенділері мен жастар қозғалысының жетекшілері бар. Бұл халық демократиясы мен жасампаз плюрализмнің үлгісі ретінде қоғамның кең ауқымды пікірі мен мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.

Ал Ұлттық құрылтайдың алғашқы құрамында жүзден аса адам болды. Құрам ротация жүйесінің арқасында мерзімді түрде жаңартылып отырады. Бұл жұмыстың динамикасын сақтауға, қоғамның жаңа өкілдерін тартуға және әртүрлі пікірлерді ескеруге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл талқыланатын мәселелердің ауқымын кеңейтіп, қоғамдық мүдденің барлық бағытын есепке алуға сеп болады.

Ұлттық құрылтай тиімді жұмыс істеуі үшін оның қызметін кеңейтуге және өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін енгізуге ықпал ететін жұмыс отырыстары өткізіледі. Жұмыс топтары аймақтардағы жиынға белсене қатысып, қоғамның түрлі салаларымен байланысын нығайтады. Бұл азаматтық күн тәртібін шешім қабылдау процесіне тереңірек енгізуге мүмкіндік береді.

Ұлттық құрылтай мемлекеттің ашықтық, инклюзия және сындарлы қарым-қатынас қағидаттарына адалдығын білдіреді. Бұл – қоғамдық келісімді нығайтуды, ұлттық мүддені қолдауды және әлеуетті одан әрі арттыру үшін тұрақты платформа құруды көздейтін маңызды қадам.

Түркістанда өткен екінші отырыстан бастап секцияларға бөлінетін жұмыс форматы іске қосылды. Қазіргі таңда Ұлттық құрылтай аясында 4 жұмыс секциясы жұмыс істейді: «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму». Секциялар Ұлттық құрылтай мүшелері өз бастамаларын әріптестерімен және мүдделі мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей талқылай алатын айтарлықтай нәтижелі форматта өтеді.

Құрылтай қандай мәселелерді қаузайды?

Құрылтай отырыстарында ұлттық және жаһандық сын-қатерлерді көрсететін мәселелер: әлеуметтік әділеттілік, экономикалық даму, білім, мәдениет, тарих, қоғамдық және ұлттық қауіпсіздік мәселелері талқыланады. Бұл пікірталастар ағымдағы үрдістерді қамтып қана қоймай, сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайтып, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуын негізге ала отырып, жаңғырудың жаңа бағыттарын нақтылайды.

Ұлттық құрылтайдың басты миссиясы – қоғамның өзекті мәселелерін анықтап, талқылау ғана емес, оларға жүйелі шешуге сарапшылар қауымын жұмылдыру. Азаматтық институттардың, мемлекеттік құрылымдардың және қоғамдық бірлестіктердің интеграциясы ортақ мақсат – азаматтардың құқықтарын қорғауды және қауіпсіздік пен әлеуметтік игілікті қамтамасыз етуді көздейтін бастамаларды әзірлеуге, жүзеге асыруға бағытталады.

Ұлттық құрылтайдың негізгі қағидаты – мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам арасында әріптестік қарым-қатынас құру. Саяси жүйені жаңғырту тарихы тек осы екі субъектінің тығыз ынтымақтастығы арқылы тұрақты даму болатынын көрсетті. Мемлекет экономиканың ілгерілеуі үшін жағдай жасауға, реформаларды жүзеге асыруға, халықты әлеуметтік қорғауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты, бұл икемділікті, диалог ашықтығын және қоғамдық пікірді ескеруді талап етеді.