Қызылордада «Инклюзивті қоғамды дамыту» әлеуметтік жобасы жүзеге асты

Қосшы

Қызылордада « Инклюзивті қоғамды дамыту» әлеуметтік жобасы жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұл бастама Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша қолға алынған. Оның аясында еңбекке жарамды ерекше қажеттіліктері бар жастардың креативті индустрияға үлес қосуына жол ашылмақ.

Қызылордада «Инклюзивті қоғамды дамыту» әлеуметтік жобасы аясында 30 жас креативті мамандықтар бойынша тегін оқытылып, сертификат алды. Солардың бірі – 22 жастағы Мөлдір Маханбетова. Ол бірнеше компьютерлік бағдарламаны меңгерген. Қазір осы білімінің арқасында қаладағы мекемелердің бірінде көрнекілік құралдардың дизайнын жасайды.

Мөлдір Маханбетова, қала тұрғыны:

- Мен өздігімнен үйренуге тырысып, әр жерден ізденіп, интернеттен қарап жүргенмін. Сөйтіп, мен жасанды интелект курсына қатысып, өзімнің білімімді толығырақ жетілдірдім десе де болады. Сол курсқа қатысып, бір жыл бұрын біз оқыған болатынбыз бір курсын.

Жобаға қатысушы жастар «Графикалық веб-дизайн», «Жасанды интеллект» және «Этноөнер» бағыттары бойынша оқу курстарынан өтіп, сертификат иеленген. «Оның ішінде бірқатары тұрақты жұмыспен қамтылды», - дейді мамандар.

Зейнар Тәжиева, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- 10 бала жұмысқа тұрды. Оның ішінде жеке өзінің жұмысымен айналысатыны – бесеу. Ауылдық округінен балалар бар. Олар жұмысқа тұрды. Ол жұмыстары облыстық мүгедектер қоғамы, соған жұмысқа тұрды. Этнодизайнға жұмысқа тұрды дизайн болып.

Мейіржан Жәнібеков, қала тұрғыны:

- Біздерге өзіміз сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар келеді. Жыл сайын алатын заттарына өтінім береді. Санаторияға барады, тағы басқа, бәрін осы порталмен жасап береміз.

Мамандардың айтуынша, бұл жоба ерекше қажеттіліктері бар жастардың әлеуметтік және еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етіп, олардың өзін өзі дамытуына мүмкіндік беруге арналған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев